Мәжіліс депутаттары Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге өзгерістер енгізуді көздейтін заңды қабылдады. Құжат медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілерін қызметтік міндетін орындау кезінде физикалық күш қолдану мен қатыгез әрекеттерден қорғауға бағытталған.
Жаңа нормаларға сәйкес, медицина қызметкерлеріне шабуыл жасаған тұлғалар құқық бұзушылықтың ауырлығына қарай айыппұл салудан бастап бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаға тартылады.
Депутат Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бұған дейін мұндай оқиғалар көп жағдайда бұзақылық ретінде ғана қарастырылып келген. Енді дәрігерлерді қорғау тетіктері құтқарушылар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және билік өкілдерімен тең деңгейге жеткізілді.
Ол бұл шешім ең алдымен пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Дәрігерге немесе жедел жәрдемге жасалған кедергі – уақыт пен емнің жоғалуы, ал бұл кей жағдайда адам өміріне тікелей қауіп төндіреді.