Аудан әкімдігінің мәліметінше, 13 желтоқсан күні кешкі сағат 20:00-ден бастап өңірде ауа райы күрт бұзылып, қатты желдің салдарынан электр қуатымен қамтуда іркілістер тіркелген.
Сол күні Сайқын ауылында резерв ретінде пайдаланылатын су айдайтын қосымша мұнара құлап, істен шыққан. Алайда бұл жағдай тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз етуге әсер етпеген. Себебі негізгі су мұнарасы штаттық режимде жұмысын жалғастырған. Жел салдарынан электр сымдарының үзілуіне байланысты су беру уақытша тоқтатылғанымен, ақау жойылған соң су қайта берілген.
Сондай-ақ жексенбі күні таңғы 07:00-ден кешкі 18:00-ге дейін аудан аумағында Beeline, Activ, Tele2, Altel және «Қазақтелеком» ұялы байланыс операторларының қызметі істемеген.
Бұдан бөлек, 13 желтоқсан күні шамамен сағат 21:00-де үйінен шығып кеткен 25 жастағы Елтай Қажығалиев әлі табылған жоқ. Оны іздестіруге Бөкей ордасы ауданының төтенше жағдайлар қызметі, шекара бекеті, полиция бөлімі және жергілікті атқарушы органның өкілдері жұмылдырылған. Жалпы есеппен 70-тен астам адам мен бірнеше арнайы техника, сондай-ақ із кесуші иттер тартылған.