Әлеуметтік желіде тұрғындар ақ көрпеге оранған ауылдарының суреті мен видеосын жиі бөлісіп жатыр.
Жергілікті видеограф Қабыл Есенов дрон арқылы түсірілген көріністерін жариялады. Оның кадрларында ақ қарға малынған Бейнеудің көшелері мен үйлері қыстың ертегісін елестетеді.
«Барлығы ақшағыл, нағыз ертегідей. Алғашқы қар елдің көңілін көтеріп, тіпті адамдардың ерте оянуына себеп болғандай. Барлығының көңіл күйі жақсы, қуанышты», – дейді видеограф.
Қабыл Есеновтың айтуынша, қазір Бейнеуде ауа температурасы –3 °C шамасында.
Өңірдің өзге ауылдарының тұрғындары да қысқы көріністерін бөлісіп, алғашқы қарды «желтоқсанның шын сыйы» деп атап жатыр.