«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ дерегінше, 2025 жылдың қыркүйегінен 27 қарашасына дейін елден жаңа өнімнің 3,1 млн тоннасы экспортталды. Салыстыру үшін: 2024 жылдың дәл осы кезеңінде 2,7 млн тонна ғана экспортталған. Яғни, экспорт көлемі шамамен 15%-ға артып, қазақстандық астықтың сыртқы нарықта жоғары сұранысқа ие екенін және логистикалық тізбектің тиімділігін көрсетіп отыр.
Импорттаушы елдер құрылымында да айтарлықтай өзгерістер байқалады. Дәстүрлі ірі нарық болып саналатын Орталық Азия бағытында өсім ерекше жоғары.
Мәселен, Өзбекстанға экспорт 32,8%-ға көбейді: 1 млн 66 мың тоннадан 1 млн 416 мың тоннаға дейін артқан. Бұл елдің тұрақты сұранысы мен азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастықтың күшеюімен байланысты.
Қырғызстанға жөнелтілімдер екі есеге ұлғайды — 44 мың тоннадан 90 мың тоннаға жетті. Мұндай өсім ел ішіндегі қажеттіліктің артуы және өңдеу кәсіпорындары үшін шикізат сатып алудың күшеюімен түсіндіріледі.
Ауғанстан да қазақстандық астықты көбірек импорттай бастады. Аталған кезеңде экспорт көлемі 28,8%-ға өсіп, 139 мың тоннадан 179 мың тоннаға жетті. Бұл ел әлі де Қазақстан бидайының стратегиялық бағыттарының бірі болып саналады.
Астық экспортының өсуі ауыл шаруашылығы саласының тұрақтылығын, логистикалық кампанияның сәтті ұйымдастырылғанын және өңірлік нарықтағы жоғары сұранысты көрсетеді. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі қарқын сақталса, маусым соңына дейін экспорт соңғы жылдардағы рекордтық көрсеткіштерді жаңартуы мүмкін.