21 қараша күні Бейнеу аудандық орталық көпсалалы ауруханасының травмпунктіне ата-аналарымен бірге екі бала жеткізілген. Медициналық құжаттарға сәйкес, оқушыларды шағып алған жануар – корсак (дала түлкісі) деп көрсетілген.
Тексеру барысында 2011 жылы туған балада оң жақ сирақ тұсында, ал 2018 жылы туған балада сол аяқ сирақ аймағында тырналған жара анықталған. Дәрігерлер екі балаға да жараны хирургиялық өңдеп, қажетті екпелерді жасаған. Қазір олардың жағдайы қанағаттанарлық, амбулаторлық бақылауда.
Аймақтық ECOJER экологиялық кеңесінің төрағасы Әділбек Қозыбақов фотодағы жануардың корсак емес, кәдімгі түлкі болуы мүмкін екенін айтты.
«Жабайы аңдардың құтыру ауруына шалдыққан болуы ықтимал, сондықтан оларға жақындау өте қауіпті. Егер жабайы жануармен байланыс болса, бірден тиісті қызметтерге хабарлау қажет. Ал шағу жағдайында дереу медицинаға жүгіну – ата-аналардың дұрыс әрекеті», — деді эколог.