Қала аумағында құқық қорғау және арнайы органдардың, жергілікті атқарушы билік пен қоғамдық ұйымдардың өзара іс-қимылы күшейтіліп, тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Бұл кешенді жұмыс «Заң және тәртіп» топтастырылған нарративін қалыптастыруға, «Қауіпсіз қоғам» жобасын жүзеге асыруға және қаладағы этносаралық тұрақтылықты сақтауға негізделіп отыр.
Этносаралық тұрақтылық – Түркістан қауіпсіздігінің өзегі
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы мен облыс прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов төрағалығымен өткен жиында қоғамдық-саяси ахуал мен этносаралық қатынастардың жай-күйі жан-жақты талқыланды.
Қала халқының саны бүгінгі таңда 242 мыңнан асады, және көпэтносты ортада келісім мен тұрақтылықты сақтау – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Әкімнің орынбасары Мекенхан Қозыханұлының баяндамасында әлеуметтік қолдау шараларының этносаралық бірлікті нығайтуға оң ықпал етіп отырғаны атап өтілді: жыл сайын 50 отбасы баспанамен, 100-ден астам отбасы азық-түлікпен, 500 оқушы мектеп жабдықтарымен қамтылуда.
Қала әкімі жиында:
«Этносаралық келісім – дамудың берік іргетасы. Бірлік пен өзара сыйластық бар жерде қоғамда тыныштық пен береке орнайды», – деп атап өтті.
Бұл бағыттағы жұмыстар «қоғамдық тұрақтылық» индикаторларын нығайтумен қатар, тұрғындардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттыруға да ықпал етуде.
«Халық заңгері»: заң үстемдігін насихаттаудың жаңа форматы
Қаланың құқықтық мәдениетін көтеру мақсатында Түркістанда республикалық «Халық заңгері» акциясы өтті. Бұл жоба азаматтарды құқықтық тұрғыдан қолдауды күшейтіп, олардың заң нормаларын түсіну деңгейін арттыруға бағытталған.
Шара барысында заңгерлер, прокуратура өкілдері, полиция қызметкерлері азаматтарға тегін құқықтық кеңесберіп, өзекті мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Заң мәдениетін дамытуға атсалысқан бірқатар белсенді тұрғындар мен мамандар марапатталды. Бұл – қоғам мен мемлекет арасындағы ашық диалогты нығайтатын, «нөлдік төзімділік» қағидатын түсіндіруге мүмкіндік беретін маңызды алаңдардың бірі.
Терроризм мен экстремизмге қарсы күрес күшейді
Қала әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссияның жұмысшы тобының отырысында қауіпті идеологиялардың алдын алу мәселелері арнайы қаралды.
Көші-қон қызметі бөлімінің бастығы Абылай Қайыпбеков шетелдік азаматтар арасында жүргізілген тексерулер, рейдтік іс-шаралар және деструктивті ағым белгілері анықталған тұлғаларға қатысты қабылданған шаралар туралы баяндады.
Полиция басқармасының экстремизмге қарсы тобы 63 террористік тұрғыдан осал нысанға жүргізілген тексерулер нәтижесін ұсынды. Қауіпсіздік талаптарын бұзған нысандарға ескерту беріліп, кемшіліктерді жою жөнінде тапсырмалар жүктелді.
Білім беру саласы да назардан тыс қалған жоқ. Мектептерде:
– діни сипаттағы киім үлгісіне жол бермеу,
– экстремистік идеялардың алдын алу,
– теологтармен кездесулер ұйымдастыру
жұмыстары күшейтіліп жатыр.
Жиын қорытындысында шетелдік азаматтарға қатысты профилактиканы арттыру, радикалды ағым өкілдерімен тұрақты оңалту жұмыстарын жүргізу және ақпараттық түсіндіру шараларын күшейту тапсырылды.
Жастарды қорғау: нашақорлыққа қарсы кең ауқымды флешмоб
Қауіпсіз қоғам қалыптастыруда жастар саясаты ерекше орын алады. Осы бағытта Түркістан қалалық Жастар ресурстық орталығы мен «Болашақ» көпсалалы колледжі бірлесіп нашақорлыққа қарсы кең ауқымды флешмоб өткізді.
Іс-шара барысында қатысушылар арнайы үнпарақтар таратып, тұрғындарға есірткінің зияны жөнінде түсіндіру жүргізді. Акцияның негізгі мақсаты – жастар арасында зиянды әдеттердің алдын алу, қоғамда «есірткіге – нөлдік төзімділік» мәдениетін қалыптастыру.
Бұл флешмоб қала жастарының әлеуметтік белсенділігін арттырып, олардың қауіпсіз орта қалыптастыруға үлес қосуына жағдай жасады.
Қорытынды
Түркістан қаласында соңғы уақытта жүзеге асырылып жатқан барлық шаралар бір мақсатқа – заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға, құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» қағидатын орнықтыруға бағытталған.
Этносаралық келісімнен бастап экстремизмнің алдын алуға дейінгі жұмыстар, құқықтық мәдениетті арттыруға арналған акциялар және жастарды қорғауға бағытталған бастамалар – «Қауіпсіз қоғам» концепциясының негізгі элементтері.
Қала билігі, құқық қорғау органдары және қоғам бірлесе отырып, Түркістанда тұрақты, қауіпсіз және заңға негізделген қоғамдық орта қалыптастыру жолында жүйелі жұмыстарды жалғастырып келеді.