weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Серіктестер
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Гонконг тұмауы мен дәрі тапшылығы: елдегі дүрбелең неден басталды?

Гонконг тұмауы туралы ақпарат және ОРВИ белгілерімен ауыратындардың күрт көбеюі халық арасында шынайы дүрбелең тудырды. Бар болғаны бірнеше күн ішінде қазақстандықтар дәріханалардан «Осельтамивир», «Осевир», «Флувир», «Эргоферон», «Анаферон» және «Ингавирин» сияқты препараттарды жаппай сатып алып, тапшылыққа жол ашты.

Гонконг тұмауы мен дәрі тапшылығы: елдегі дүрбелең неден басталды?
Фото: sobaka.ru

Кей жерде алып-сатарлар да пайда болды. Ал дистрибьюторлар болса, «қашан жеткізілетінін білмейміз» деп жауап беруде.

ОРВИ мен гонконг тұмауы: нақты жағдай қандай?

Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықованың айтуынша, қалада 23 мыңнан астам ОРВИ жағдайы тіркелген. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 18,7% көп. Ауырғандардың 63%-ы – балалар.

Ал гонконг тұмауына келсек, Алматы бойынша бар болғаны 13 жағдай расталған. Негізінен — екпе алмағандар, әсіресе жүкті әйелдер. Барлық науқастың жағдайы қанағаттанарлық.

Астанада да көрсеткіш жоғары: 82 520 ОРВИ жағдайы, оның 48 074-і (58%) — балалар. Дәрігерлер гонконг тұмауы «жаңа вирус емес, 1968 жылдан бері белгілі маусымдық инфекция» екенін ескертті.

Дүрбелең неден басталды?

Orda.kz жазуынша алғашында әлеуметтік желілерде кейбір дәрігер-блогерлер вирусқа қарсы препараттардың атауларын бөлісе бастады. Кей ауруханаларда гонконг тұмауы расталған науқастарға арнайы дәрілер жазылған. Содан кейін бұл тізім мессенджерлерде «көшіп жүріп», жаппай таралды.

Аурудың ауыр сезілетін белгілері де адамдарды қорқытып, көпшілігі ауруханаға бармай, өз бетінше емделуді жөн көрді. Осылайша күшті вирусқа қарсы дәрілерді өзіне де, балаларына да «сақтық үшін» сатып ала бастады. Бірнеше күннің ішінде дәріханаларда қажетті препараттар таусылды.

Фармбақылау не дейді?

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті қоймаларда вирусқа қарсы дәрілер жеткілікті екенін айтты. Бірақ бұл — халық іздеп жатқан препараттар емес.

Комитет Алматы мен Астанаға осы аптада «Осевир», «Флукап» және «Флувир» жеткізілетінін мәлімдеді. Ал елдегі жағдайды «сұраныстың күрт артуы» деп жұмсартып түсіндірді.

Бұл дәрілерді дәрігерсіз қолдану қаншалықты қауіпті?

Медицина ғылымдарының кандидаты Гүлнара Абетеева Orda.kz-ке берген жауабында «Осельтамивир» туралы былай деді:

«Бұл — кез келген тұмауға арналған әмбебап дәрі емес. Оны „сақтық үшін“ ішуге болмайды. Ол тек тұмау вирусына қарсы әсер етеді және ең тиімдісі — алғашқы 48 сағатта. Әдетте оны қауіпті топтағы пациенттерге: қарттарға, жүкті әйелдерге, созылмалы аурулары бар адамдарға немесе ауыр формадағы грипп кезінде тағайындайды. Жас, дені сау адамдарға ОРВИ кезінде бұл дәрі қажет емес — пайдасы болмайды, керісінше жанама әсерлері болуы мүмкін».

Дәрігер сондай-ақ бақылаусыз қабылдау вирусқа төзімділікті қалыптастырып, препараттың шынайы қажет кезде әсер етпеуіне әкелетінін ескертті.

«Менің позициям анық: „Осельтамивирді“ дәрігер ғана тағайындауы тиіс. Интернет, таныстар немесе паника — оған себеп емес».