Мәселе 2024 жылдың қыркүйегінде алғаш көтерілген болатын. Сол кезде ІІМ вице-министрі Игорь Лепёха жүргізушілерді дайындау сапасына қатысты өткір сын айтып, қазіргі уведомительный тәртіптің тиімсіз екенін ашық жеткізді. Оның айтуынша, кез келген адам мектеп ашты деген қағаз жіберсе жеткілікті, ал кадр, база, бағдарлама сапасы бақылаусыз қалған. Кейбір автошколаларда сабақ формалды түрде ғана өтетіні де жасырын емес.
ІІМ басшысы Ержан Саденов 2024 жылы бұл өзгеріс автошколалардың жабылуына немесе бағаның күрт өсуіне әкелмейтінін айтқан еді. 2025 жылдың қазанында министр мәселені қайта көтеріп, 2018 жылдан бері автошколаларға мемлекеттік бақылау мүлдем жоғалғанын еске салды. Ол электронды анықтамалар енгізілгенін, өздігінен дайындалу жүйесі тоқтатылғанын атап өтіп, енді мектеп ашу тек министрлік рұқсатымен жүзеге асуы керектігін хабарлады.
ІІМ-нің ресми жауабына сүйенсек, автошколаларды ашудағы уведомительный жүйе толықтай тоқтатылып, оның орнына рұқсат алу талабы енгізілетін заң жобасы әзірленген. Сондай-ақ министрлік кәсіби бірлестіктер мен оқыту ұйымдарының жұмысына бақылау тетіктерін енгізбек. Дегенмен оқу мерзімі мен бағдарламалар өзгертілмейді.
Сарапшылар бұл ретте екіұдай пікірде емес. Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоков бұрынғы либерализация нәтижесінде сапасыз мектептердің қаптап кеткенін, тіпті кейбірі анықтамаларды сатып, сабақ өткізбегенін айтады. Оның пікірінше, ІІМ ұсынған жаңа модель — дұрыс бағыт, себебі жолға дайын емес жүргізушілердің көбеюі апат пен өлім-жітімге әкеледі.
Эдоковтың айтуынша, рұқсат беру тәртібі әлсіз мектептерді нарықтан ығыстырады, бірақ бұл бағаға әсер етпей қоймайды. Материалдық базаға, автопаркке, оқытушылар біліктілігіне қойылатын талаптар күшейген сайын шығындар артады. Үлкен қалалар өзгерісті жеңіл қабылдауы мүмкін, бірақ шағын елді мекендерде мектептер саны азайып, тұрғындар басқа ауданға баруға мәжбүр болуы ықтимал. Бұл оқыту бағасын табиғи түрде қымбаттатады.