ХВҚ-ның қазан айындағы есебінде әлемдік экономика белгісіздік жағдайында баяу, бірақ тұрақты өсімге бет алып келе жатқаны атап өтілді. Сарапшылар протекционизм мен геосаяси бөлшектенудің күшеюі жаһандық тұрақтылыққа қауіп төндіріп отырғанын айтады. Сондай-ақ, технологиялық компаниялардың акцияларының артық бағалануы және мемлекеттік институттардың тәуелсіздігінің әлсіреуі экономикалық шешімдердің тиімділігін төмендетуі мүмкін екені ескертілді.
Әлемдік экономиканың көшбасшылары:
- АҚШ — болжамды ЖІӨ көлемі 31,8 трлн доллар,
- Қытай — 20,7 трлн доллар,
- Германия — 5,3 трлн доллар,
- Үндістан — 4,5 трлн доллар.
Рейтингте елдердің жаһандық экономикадағы үлесін көрсететін ЖІӨ-нің номиналды мөлшері есепке алынған.
Тарихта алғаш рет Азия елдерінің жиынтық жалпы ішкі өнімі Солтүстік Американы басып озбақ. Бұл үрдіске Қытай, Үндістан және Жапония экономикасының серпінді дамуы әсер етіп отыр.
Қазақстан қарқынды өсім көрсетуде
ХВҚ дерегінше, Қазақстан әлемдік рейтингтің 50-орнында, елдің болжамды жалпы ішкі өнімі — 319,8 млрд доллар.
Экономика өсімі жылына 4,8–5,4% аралығында, бұл — әлемдік орташа көрсеткіштен (2,6%) шамамен екі есе жоғары.
Есепте атап өтілгендей, Қазақстан экономикасының тұрақтылығы тек шикізат экспортына ғана емес, ішкі сұранысқа, нақты сектордың дамуына және инвестициялық белсенділікке негізделген.
«Қазақстан макроэкономикалық тұрақтылықтың әсерлі үлгісін көрсетіп отыр. Ел экономикасының өсімі тек шикізат экспорты есебінен емес, сонымен бірге ішкі сұраныс пен инвестицияның артуынан қамтамасыз етілуде», — делінген ХВҚ талдаушыларының бағасында.
ХВҚ соңғы екі жылда Қазақстан бойынша болжамын үш рет жоғарылатқан. Бұл – халықаралық сарапшылардың елдің экономикалық бағытына сенім артқанын көрсетеді.
Жаһандық тұрақсыздыққа қарамастан, Қазақстан Орталық Азияның экономикалық орталығына айналып келеді. Ел өз географиялық артықшылығын тиімді пайдаланып, инвестициялық әлеуетін күшейтуде.