Оның айтуынша, жоба алдымен Астана мен Алматы қалаларында пилоттық режимде жүзеге асырылады. Осы кезеңде бастаманың тиімділігі мен ұйымдастыру тетіктері пысықталады. Кейіннен оң нәтиже көрсеткен жағдайда жүзу сабағы басқа өңірлердің мектептерінде де жүйелі түрде енгізілетін болады.
Баландин бұл қадамның басты мақсаты — балалар арасындағы суға бату оқиғаларының алдын алу екенін атап өтті.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, 2024 жылы әлем бойынша 236 мыңнан астам адам суға кетіп, мерт болған. Бұл көрсеткіштің шамамен үштен бірі — 1 жастан 14 жасқа дейінгі балалар. Сарапшылардың айтуынша, балалардың басым бөлігі жүзу білмегендіктен және қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан қаза табады.
Қазақстанда бүгінде 360-тан астам бассейн жұмыс істейді, олардың 35-і олимпиадалық стандарттағы (ұзындығы 50 метр) спорт нысандары. Су спорты жүйесінде 135 мыңнан астам адам жаттығады. Ал осы саланы дамытуға 900-ден астам кәсіби жаттықтырушы мен нұсқаушы атсалысып келеді.
Мамандардың пікірінше, мектеп бағдарламасына жүзу пәнінің енгізілуі елдегі спорт инфрақұрылымын тиімді пайдаланып қана қоймай, дені сау әрі шыныққан ұрпақ қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұндай сабақтар балалардың судағы қорқынышын жеңуге және жазғы демалыс кезінде болатын қайғылы оқиғалардың алдын алуға ықпал етеді.