Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
30 қазан, 2025 / Аман ШАМАР / Жаңалықтар

Шымкентте “BalaZan” мультфильмі таныстырылды

Полиция балаларға заңды жаңа форматта түсіндіруде, - деп хабарлайды newsroom.kz

Шымкентте “BalaZan” мультфильмі таныстырылды
Фото: polisia.kz

Шымкентте полиция "BalaZan – балалық шақтан заң жолымен" атты мультфильмнің тұсаукесерін өткізд. Polisia.kz мәліметінше, Шымкент қаласының Орталық саябағында полиция департаментінің бастамасымен түсірілген "BalaZan – балалық шақтан заң жолымен" атты анимациялық фильмнің алғашқы бөлімі көпшілік назарына ұсынылды. Премьера 500-ден астам бала мен ата-аналардың қатысуымен ашық аспан астында үлкен LED-экранда өтті. Анимациялық жоба өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға және "Заң мен тәртіп" идеологиясын ілгерілетуге бағытталған.

Фильмнің негізгі мақсаты – балаларға заңның, әділдіктің және қоғамдық тәртіптің маңызын қызықты әрі түсінікті түрде жеткізу, сондай-ақ заңға құрмет пен адалдықтың – мықты әрі жауапты азамат болудың кепілі екенін көрсету. Мультфильмнің басты кейіпкері – Қазақстанның тәуелсіздігі мен қайсар рухын бейнелейтін Барыс. Ол балаларға адалдық, әділдік, достық пен өзара сыйластықтың құндылығын түсіндіреді. Көрсетілім жылы әрі мерекелік атмосферада өтті. Балалар үшін жол қозғалысы ережелеріне арналған викториналар, кинологтар мен арнайы жасақтың таныстырылымдары ұйымдастырылды. Сондай-ақ криминалистердің жұмысы көрсетіліп, полиция қызметіне арналған фотокөрме қойылды. Мерекелік шара қуыршақ театры мен Шымкент циркі әртістерінің қойылымдарымен толықты. Жол қозғалысының жас инспекторлары жол қауіпсіздігі туралы шағын көрініс көрсетіп, көрермендердің ықыласына бөленді. Іс-шара соңында концерттік бағдарлама ұсынылып, қатысушылар ізгі ниеттің символы ретінде түрлі-түсті шарларды аспанға ұшырды.

Жоба авторларының айтуынша, "BalaZan" тек мультфильм ғана емес, балаларға заңның, әділдіктің және өзара құрметтің маңызын жарқын бейнелер мен қызықты оқиғалар арқылы жеткізетін тәрбиелік бастама болып табылады.

— Біз әр баланың заңды қорған әрі әділдік нышаны ретінде түсінуін мақсат етеміз. Егер бала кезден заңға құрмет сезімін қалыптастырсақ, әділдікті бағалайтын, тәртіпті ұстанатын ұрпақ өседі, — деді полиция департаментінің өкілдері.

Айта кетейік, анимациялық жоба жалғасын табады. Келесі бөлімдерде Барыс балаларға қауіпсіздік, адалдық және жауапкершілік туралы жаңа оқиғалар арқылы сабақ бермек.

 

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату