Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Тәжікстанда барлық мұғалімдер әскери қызметтен босатылды

Тәжікстанда енді мектеп мұғалімдері толықтай әскери міндеттен босатылады.

Тәжікстанда барлық мұғалімдер әскери қызметтен босатылды
Фото: zamin.uz

Бұл өзгеріс «Әскери міндет және әскери қызмет туралы» заңға енгізілген түзетулер арқылы жүзеге асып отыр. Бұған дейін жеңілдік тек ауыл мектептерінде жұмыс істейтін мұғалімдерге ғана қатысты еді, енді ол елдегі барлық педагогтарға қолданылады.

Түзетулерді Тәжікстан Парламентінің төменгі палатасы — Мәжлиси намояндагон мақұлдады. Енді заң жобасы жоғарғы палата — Мәжлиси милли мен президенттің бекітуін күтуде.

Елдің Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, бұл өзгерістер мұғалім мәртебесін арттыру және кадр тапшылығын азайту мақсатында әзірленген.

Білім вице-министрі Хомид Хошимзода бұл жаңалық «Мұғалім мәртебесі туралы» заңмен де тығыз байланысты екенін және педагогтардың құқықтық әрі әлеуметтік қорғалуын күшейтуге бағытталғанын айтты.

Соңғы жылдары Тәжікстан мектептерінде мұғалім жетіспеушілігі өткір мәселе болып келген. Ресми дерек бойынша, елде 3,8 мыңнан астам педагог тапшылығы бар. Ал биылдың өзінде 13 мыңнан астам студент педагогикалық диплом алған.

Жаңа заң жобасы мұғалімдерді ақша жинауға, қоғамдық немесе егін жұмыстарына тартуға тыйым салады. Сондай-ақ құжатта педагогтарға жер телімін, тұрғын үй беруді және кәсіби беделін арттыру шараларын қамтамасыз ететін әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған.

Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгерістер білім беру саласындағы кадр тапшылығын азайтып қана қоймай, мұғалім мамандығының қоғамдағы беделін де арттырады.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату