Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
9 қыркүйек, 2025 / Перизат Ілес / Жаңалықтар

Түркістан облысында цифрландыру: инновацияларды дамыту

Түркістан облысы – Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан, тарихи-мәдени байлығы мол өңір. Соңғы жылдары облыста экономиканы, білім беруді, денсаулық сақтау мен мемлекеттік қызметтерді цифрландыру арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге бағытталған кешенді шаралар қабылдануда,- деп хабарлайды newsroom.kz

Түркістан облысында цифрландыру: инновацияларды дамыту

Цифрлық трансформацияның басты мақсаты – тұрғындарға қолжетімді, тиімді және сапалы қызмет көрсету, бизнесті дамыту, инновациялық шешімдер енгізу, сондай-ақ өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

Цифрландырудың негізгі бағыттары

Цифрландыру Түркістан облысында келесі бағыттар бойынша жүзеге асырылуда:

Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру

«Электрондық үкімет» порталы арқылы тұрғындарға онлайн қызметтер көрсету.

Азаматтардың құжат алу, тіркеу және басқа да мемлекеттік рәсімдерді қашықтан орындауына мүмкіндік беру.

Мысалы, 2024 жылы облыс бойынша 90%-дан астам мемлекеттік қызмет онлайн форматқа көшірілді.

Білім беру саласын цифрландыру

Мектептер мен колледждерде «Smart Classroom» жобасы енгізіліп, интерактивті тақталар, онлайн платформалар арқылы сабақ беру.

Білім беру мекемелерінде білім сапасын бақылау жүйесі автоматтандырылып, оқу үрдісі деректер арқылы бағаланады.

Жас мамандар мен оқушылардың IT сауаттылығын арттыруға бағытталған тренингтер ұйымдастырылды.

Денсаулық сақтау саласын цифрландыру

«Электрондық денсаулық картасы» жобасы енгізілді. Жүкті әйелдер мен балаларға медициналық қызметтерді қадағалау жеңілдетілді.

Облыс бойынша 95% медициналық мекемелер электрондық есепке көшірілген.

Дәрігерлер пациенттердің тарихын онлайн жүйеден көріп, тиімді және жедел шешім қабылдай алады.

Бизнес пен кәсіпкерлікті цифрландыру

Кәсіпкерлерге арналған электрондық тіркеу, салық төлеу, есеп беру қызметтері.

Облыстағы шағын және орта бизнес субъектілері үшін онлайн маркетинг және электрондық сауда платформалары енгізілді.

«Smart Business» жобасы аясында 2023–2024 жылдары 500-ден астам кәсіпкер цифрлық платформалар арқылы өз өнімін сатуға мүмкіндік алды.

Қоғамдық инфрақұрылымды цифрландыру

Қала және аудан әкімдіктерінде «ақылды қала» жобалары іске қосылды.

Көлік қозғалысын қадағалау, қоғамдық қауіпсіздік, коммуналдық қызметтерді басқару жүйелері автоматтандырылды.

Осыған орай IT платформа жасақтаушылар мен Түркістан облысының білім саласы қызметкерлерінің қатысуымен кездесу өтті. Басқосу барысында IT платформаларын жетілдіру жолдары сараланып, қатысушылар өз жобаларын таныстырып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Кездесуді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ашып, бүгінгі басқосу білім беру саласында қолданылып жүрген IT платформалардың тиімділігін талқылауға бағытталғанын атап өтті. Ол ұсынылған жобаларды ашық саралап, кем-кетік тұстарын бірге реттеуге ұсыныстар беру қажеттігін атап өтті.

– Әрбір платформа «қаржы табудың құралы» емес, ең алдымен баланың білім сапасын арттыруға бағытталған тиімді жоба болуы тиіс. Цифрлық шешімдер мұғалімге де, оқушыға да оңтайлы, пайдалы, әрі түсінікті болуы керек, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ биылғы Жолдау – еліміздің білім беру жүйесіне үлкен жауапкершілік пен жаңа міндеттер жүктейтінін атап өтті.

– Түркістан облысы Білім басқармасы Президенттің бастамасын толық қолдай отырып, білім саласында цифрлық трансформацияны жеделдету, жасанды интеллект саласына бағытталған құзыреттерді ерте жастан қалыптастыру және педагогтердің цифрлық сауаттылығын арттыру бағытында нақты шаралар қабылдап жатыр, – Бейсенбай Дәулетұлы.

Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орынов бүгінгі кездесудің маңызына тоқталып, білім беру саласындағы цифрлық жүйенің бүгінгі жағдайына тоқталды.

–Бүгінгі таңда еліміздің білім беру саласында біртектілік пен бірыңғай жүйе толық қалыптаспаған. Әртүрлі компаниялар әзірлеген 20-дан астам IT платформалар мектептерде қатар қолданылып келеді. Олардың функционалдық мүмкіндіктері әртүрлі, бірыңғай интеграция жоқ. Педагогтер мен оқушыларға қосымша жүктеме түсіреді. Бір мектепте бірнеше платформаны қатар пайдалану мұғалімнің уақытын алса, екінші жағынан деректерді үйлестіру мен талдауды қиындатады. Бұл жағдай жүйесіздікке, ресурстардың тиімсіз жұмсалуына және білім беру сапасына кері әсер етуі мүмкін. Осы себепті цифрлық трансформацияны тиімді жүзеге асыру үшін IT платформаларға қойылатын талаптар жүйелі әрі нақты болуы қажет, – деді ол.

Айта кетсек, бүгінгі таңда облыста информатика, робототехника және STEM бағытындағы кабинеттерді жабдықтау жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Цифрлық білім беру платформаларына көшу, оқу процесін автоматтандыру және оқушы жетістігін цифрлық форматта бақылау қолға алынған. Жасанды интеллект пен IT негіздерін меңгеруге бағытталған пилоттық жобалар дайындалып жатыр. Мұғалімдерді заманауи технологиялармен жұмыс істеуге даярлау курстары жүйелі түрде өткізіліп келеді. Президенттің Жолдауында айтылған стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыру арқылы Түркістан өңірі еліміздің цифрлық болашағына өз үлесін қосуға дайын.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату