Қазақстан футбол федерациясы оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылатынын хабарлады. ҚФФ басшылығы мән-жайды анықтау үшін Алматы қаласына жол тартты. Қазіргі таңда өлімнің нақты себебі анықталуда.
Жас таланттың жолы ерте үзілді
ҚФФ мәліметіне сәйкес, Диас Төлеу жас болса да, футболға деген ерекше ынтасымен және талантымен көзге түскен. Ол — “Қайрат” академиясының түлегі. 2006 жылдың 4 мамырында дүниеге келген Диас 2024 жылдың сәуірінде “Хан Тәңірі” құрамына қабылданған.
Бірінші лига маусымында ол 18 матчқа қатысып үлгерді. Бұған дейін “Қайрат” сапында 15-тен астам ойын өткізіп, 3 гол соғып, 2 нәтижелі пас берген.
Клуб мәлімдемесі
“Хан Тәңірі” футбол клубының ресми хабарламасында ойыншыға алғашқы медициналық көмек дер кезінде көрсетілгені айтылған.
“Оқиға матч кезінде болды. Стадионда жедел жәрдем тобы кезекшілік етті. Диасқа бірден алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Оны төрт минут ішінде ауруханаға жеткізді, алайда дәрігерлердің барлық әрекетіне қарамастан, аман алып қалу мүмкін болмады”, — делінген клубтың ресми мәлімдемесінде.
Клуб басшылығы мен команда ұжымы Диастың отбасына және жақындарына көңіл айтты.