Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Байділдиновтің болжамы келді

Соңғы күндері қазақ тілділердің көбейіп кеткенін, соған қарсы шара қабылдау керек екенін айтып басы дауға қалған мұнай және энергетика саласының сарапшысы Олжас Байділдиновтың болжамы шындыққа айналуда. Биыл маусым айында «Байдильдинов. Мұнай» телеграм арнасы Президент Әкімшілігіне арналған ашық хат жариялаған еді, деп хабарлайды newsroom.kz.

Байділдиновтің болжамы келді
Фото: instagram.com/baidildinovolzhas

Мұнай-газ саласындағы дәл сараптамаларымен танылған бұл арна ол кезде алдағы жылдарға арналған ескерту сипатындағы жазба жариялады. Автор 2026 жылдың басына қарай ел экономикасына бір мезгілде әсер ететін бірнеше теріс фактор тоғысуы мүмкін екенін айтып, мұны «мінсіз дауылдың» алғышарты деп бағалаған. Ол бір-бірімен қабаттасатын шешімдер мен жағдайлар ақыр соңында бағаның шарықтауына, инфляцияның үдеуіне және әлеуметтік қысымның артуына әкелуі ықтимал екенін ескерткен.

Сол жазбада Байдильдинов жанармай бағасы формалды түрде босатылғанымен, іс жүзінде бұрынғы деңгейде ұсталып отырғанына назар аударды. Сарапшының пікірінше, бұл жағдай 2025 жылдың соңына немесе 2026 жылдың басында бағаның күрт көтерілуіне соқтыруы мүмкін. Сондай-ақ ол табиғи газдың көтерме бағасын 33 пайызға арттыру жоспары туралы ескертіп, оның әсері ең алдымен қыс айларында халықтың жылу ақысына түсетінін айтқан. Бұған қоса, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚҚС өсімі мен соның салдарынан азық-түлік пен күнделікті тауарлардың қымбаттауы күтілетінін, ал коммуналдық тарифтердің көтерілуі мен жылжымайтын мүлік нарығына жаңа алым енгізілуі жағдайды одан әрі ауырлататынын жеткізген.

Сарапшыны алаңдатқан тағы бір жайт — теңге бағамының жасанды түрде ұсталып тұруы. Егер валюта нарығына араласу жалғаса берсе, девальвация дәл баға мен энергия тасымалдаушылар қымбаттаған кезеңге тұспа-тұс келуі мүмкін деді ол. Байдильдинов сонымен бірге сыртқы қатерлерді де атап өтті: АҚШ-тағы ықтимал экономикалық дағдарыс, мұнай бағасының төмендеуі, Ресей тарапынан санкциялық қысымның күшеюі және ел ішіндегі мүмкін проблемалар — мысалы, қатаң қыс пен жылу жүйелеріндегі ақаулар.

Автордың айтуынша, осының бәрі 2026 жылдың қаңтар–ақпан айларында тоғысуы ықтимал. Ол мұндай сәйкестікті белгілі бір саяси сценарийдің белгісі болуы да мүмкін деп болжады: не үкіметтің ауысуына дайындық, не президенттік реформаларды әлсірету әрекеті. Ал егер бұл тек түрлі құрылымдар арасындағы үйлесімсіздіктің салдары болса, онда билік «теріс шешімдердің күнтізбесін» жасап, қоғамға ауыр тиетін шараларды бір мезгілде қабылдаудан сақтануы қажет деді.

Араға бірнеше ай салып, сол болжамдардың көбі орындала бастады. 2026 жылдан бастап ҚҚС-тың өсуі ресми расталды, табиғи газдың көтерме бағасы мен коммуналдық тарифтердің көтерілуі де нақтыланды. Жанармай нарығында тұрақсыздық қайта байқалуда, ал теңге бағамына қысым күшейіп, инфляциялық күтулер артып келеді. Яғни жазда айтылған сценарий шындыққа айналып барады.

Байдильдинов ол кезде ахуалды жұмсарту үшін нақты шаралар да ұсынған еді. Мысалы, жанармай бағасын босатуды жазда жүргізу тиімді болар еді – себебі бұл кезде халықтың көбі демалыста, реакция бәсең болар еді. Ал теңге бағамын түзету тамыздың соңы мен күздің басында жасалса, қысқы шығынмен қабаттаспайды деді. Сондай-ақ ықтимал экономикалық дағдарысқа дейін кезектен тыс парламент сайлауын өткізу нұсқасын қарастыруды ұсынды.

Қазір Байдильдиновтың сол болжамы мен қазіргі жағдай арасындағы ұқсастық алаңдатпай қоймайды. Қазақстан экономикасы бір мезгілде бірнеше қысым факторына тап болуда: салықтар, тарифтер, бағалар өсіп жатыр; алда – жылыту маусымы мен валюта нарығындағы тұрақсыздық. Егер билік пен реттеуші құрылымдар шешім қабылдауда өзара үйлесімділікті сақтамаса, ел жаңа инфляциялық толқын мен экономикалық сенімнің әлсіреуіне ұшырауы мүмкін.

Сол себепті, маусым айында айтылған «Байдильдинов. Мұнай» арнасының ескертуі бүгінде жай талдау емес, жақындап келе жатқан экономикалық дауылдың дәл болжамы сияқты естіледі.

Сондай-ақ, ол автобус жолақысын 500 теңгеге көтеру туралы ұсыныс айтқан. Осыған қатысты әнші Димаш Құдайберген әлеуметтік желіде пікір білдірген еді.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату