Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

ХАМАС Израильмен соғыстың аяқталғанын мәлімдеді

Ұйымның келіссөздер тобының жетекшісі Халиль әл-Хайяның айтуынша, ХАМАС АҚШ пен араағайын елдерден «соғыстың бірінші кезеңін тоқтату туралы келісім Газа секторындағы соғыстың толық аяқталуын білдіреді» деген кепілдік алған.

ХАМАС Израильмен соғыстың аяқталғанын мәлімдеді

Бұған дейін Дональд Трамп Израиль мен ХАМАС арасында Газадағы қақтығысты тоқтату жөніндегі бейбіт жоспардың алғашқы кезеңі бойынша келісім жасалғанын хабарлаған еді. Бұл ақпаратты енді ХАМАС өкілдері де растады.

Al Jazeera басылымының хабарлауынша, келісімнің бастапқы бөлігі тұтқындар алмасуды және Израиль әскерін Газадан шығаруды қарастырады.

Шартқа сәйкес, Израиль өмір бойына сотталған 250 палестиналықты және қақтығыс басталғаннан бері қамалған Газа тұрғындарының 1 700-ін босатпақ.

Әл-Хайяның айтуынша, бітім ұзақ мерзімді тыныштық орнатуға, гуманитарлық көмектің жеткізілуіне және Мысырмен шекара өткелінің ашылуына мүмкіндік береді.

Дегенмен, Трамп ұсынған бейбіт жоспардың келесі қадамдары әлі талқылану үстінде. Газаны соғыстан кейін кім басқаратыны және ХАМАС қозғалысының болашағы секілді мәселелер шешімін тапқан жоқ.

АҚШ президенті Дональд Трамп Мысырға барып, келісімге ресми қол қою рәсіміне қатысу ниетін білдірді.

«Мен баруға тырысамын. Қазір мерзімін келісіп жатырмыз. Мысырда қосымша рәсім болады. Бұған дейін менің атымнан қол қойылған, енді ресми түрде өтеді», — деді Трамп.

Бұған дейін Газада Израильмен келісім жасалғаннан кейін де әуе шабуылдары жалғасқаны хабарланған еді.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату