Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Бөліп төлегенде баға өзгере ме? Дүкендер енді алдамшы ұсыныс жасай алмайды

Қазақстанда енді әр тауар мен қызметтің бағасы екі түрлі нұсқада жазылады — қолма-қол сатып алғанда және бөліп төлеу арқылы алғандағы құны. Сауда министрлігі осындай жаңа тәртіпті бекітті.

Бөліп төлегенде баға өзгере ме? Дүкендер енді алдамшы ұсыныс жасай алмайды
Фото: ашық дереккөз

Жаңа ережеге сай, сатушылар тауардың нақты ақысын және бөліп төлеу кезінде жалпы төленетін соманы қатар көрсетуге міндетті. Министрлік бұл жаңалық тұтынушыларға өз шығынын алдын ала нақты есептеуге мүмкіндік береді деп отыр.

Бұл неге қажет?

Маусым айында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин инфляцияның өсуіне әсер ететін факторлардың бірі ретінде «Қазір ал, кейін төле» жүйесінің тым кең тарағанын айтқан еді. Ал шілдеде Қаржы нарығын реттеу агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова тауарды бөліп сатқанда қос бағаны міндетті түрде көрсету туралы бастама көтеріп, оны банктер де қолдаған болатын.

Сандар не дейді?

Ұлттық банк арнайы статистика жүргізбегенімен, 2025 жылдың екінші тоқсанындағы банктерге жасалған сауалнама алғаш рет қызықты дерек ұсынды:

Бөліп төлеуге — 6,466 млн өтінім түсіп, оның 2,768 миллионы мақұлданған.

Кепілсіз тұтынушылық несиеге — 18,2 млн өтінім беріліп, 5,7 миллионы мақұлданған.

Орта есеппен бір бөліп төлеудің сомасы – 127 мың теңге, ал бір тұтынушылық несиенің орташа көлемі – 333,4 мың теңге.

Бұл мәліметтер халықтың несиеге қарағанда бөліп төлеуді жиірек пайдаланатынын, бірақ сомасы аз болатынын көрсетеді.

Сарапшылар не дейді?

Экономистердің пікірінше, қос баға жүйесі:

  • тұтынушының шешім қабылдауын жеңілдетеді;
  • жасырын үстемелер мен пайыздарды ашық етеді;
  • артық несие мен бөліп төлеудің қарқынын төмендетіп, инфляцияны тежеуге ықпал етуі мүмкін.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату