Әлеуметтік желілерде Маңғыстау облысындағы әскери бөлімдердің бірінде қызмет етіп жүрген сарбаздың психиатриялық ауруханаға түскені жайлы ақпарат тарады. Жазбаларда оның бұл жағдайға бөлімдегі әлімжеттікке шағымданғаннан кейін тап болғаны айтылды.
Желі қолданушыларының айтуынша, жас жігіт анасынан соққы, ауыр жұмыс туралы шағымданып, бірнеше рет өзіне қол салмақ болған.
Әскерге шақырылған жігіттің анасы ұлының психиатриялық емханада жатқанын білген. Кей деректер бойынша, ол суицидтік ойларына байланысты сонда жіберілген.
ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлері баспасөз қызметінің хабарлауынша, “сарбаз Ш. әскери бөлімге келген сәттен бастап командирлермен және психологпен әңгімелесулер кезінде бірнеше рет әскерде қызмет еткісі келмейтінін айтқан”.
“2025 жылдың 15 қыркүйегінде сарбаз Ш. алдын ала «психикалық ауытқу» деген диагнозбен Ақтау қаласындағы психоневрологиялық диспансерге жатқызылды. Бұл туралы оның ата-анасына хабарланды. Қазір құқық қорғау органдары сарбазға қатысты заңсыз әрекеттердің болған-болмағанын тексеріп жатыр. Толығырақ тексеру үшін сарбаз Ш.-ны Астана қаласындағы Қорғаныс министрлігінің Бас әскери клиникалық госпиталіне жіберу жоспарланып отыр”, – делінген Құрлық әскерлері баспасөз қызметінің хабарламасында.
Қорғаныс министрлігі қазақстандықтарды тексерілмеген ақпарат пен негізсіз пікірлер таратпауға шақырды.