Дегенмен, мұның көбі символикалық сипатта. Мәселен, Франция, Ұлыбритания және Канада Рамаллада елшілік ашуды жоспарлап отырған жоқ. Сондай-ақ Палестина толыққанды БҰҰ мүшесі бола алмайды: ол үшін Қауіпсіздік кеңесінің тоғыз мүшесі «иә» деуі керек әрі тұрақты мүшелердің ешқайсысы вето қоймауы тиіс. Алайда АҚШ-тың вето қоятыны айқын. АҚШ президенті Дональд Трамп БҰҰ Бас ассамблеясының отырысында бұл қадамға қарсы екенін, тіпті оны «террорды марапаттау» деп бағалайтынын айтты.
Израильдің ресми жауабы әзірге белгісіз. Кейбір министрлер аумақтарды дереу аннексиялауға шақырғанымен, Нетаньяху мұндай қадамға бармайтынын айтты. «Біздің жеріміздің қақ ортасына террорлық мемлекет құру әрекетіне жауапты мен АҚШ-тан оралған соң беремін. Сабыр сақтаңыздар», – деді ол бейнеүндеуінде.
Палестинаны әлі мойындамаған мемлекеттердің қатарында АҚШ, Жапония, Германия, Италия, Жаңа Зеландия, Финляндия, Чехия, Австрия, Грекия, Молдова, Швейцария, Нидерланды және Еуропа, Африка, Азиядағы тағы бірнеше ел бар.


Айта кетейік, Палестинаны мойындау толқыны 1988 жылы басталған. Ол кезде Палестина автономиясы әлі құрылған жоқ, ал ООП (Палестина азат ету ұйымы) Батыста террористік ұйым саналды. Алғашқылардың қатарында Алжир, Бахрейн, Индонезия, Ирак, Кувейт, Ливия, Малайзия, Марокко, Сауд Арабиясы, Түркия, Тунис, Йемен, Ауғанстан, Бангладеш, Куба, Иордания, Египет, Үндістан, Қытай, Ресей және Азия, Африка, Шығыс Еуропа мен Латын Америкасындағы ондаған ел болды.
Кейін бұл қатарға қосылғандар:
1989 жыл: Эфиопия, Иран, Кения, Филиппин және басқалар.
1991–1995 жылдар: Қазақстан, Әзербайжан, Оңтүстік Африка, Қырғызстан және т.б.
2000-жылдары: Шығыс Тимор, Парагвай, Черногория, Кот-д’Ивуар.
2010-жылдары: Бразилия, Аргентина, Чили, Уругвай, Швеция, Колумбия, Сент-Китс пен Невис.
2024 жыл: Ирландия, Норвегия, Испания, Барбадос, Ямайка, Тринидад пен Тобаго, Багам аралдары, Словения, Армения.
2025 жыл: Мексика, Канада, Австралия, Ұлыбритания, Португалия, Мальта, Монако, Люксембург, Сан-Марино.
Бельгия мен Сан-Марино болса, мойындауды шартты түрде жариялады: ол тек кепілдегі адамдар босатылып, ХАМАС биліктен кеткен соң ғана күшіне енбек.
Франция мен Ұлыбританияға «Палестинаны мойындау – террорды марапаттау» деген сын айтылуда.
Дегенмен, Макрон БҰҰ мінберінен: «Франция Палестинаны мемлекет ретінде таниды» деп мәлімдеді. Ал Британия премьері Кир Стармер Израильді Газадағы «қатігездікке» айыптап, бұл қадам Израильді соғысты тоқтатуға және «екі мемлекет» шешімін сақтап қалуға итермелеуі тиіс екенін жеткізді.