Қазақстанда «Қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Соның аясында қылмыс қатарына сталкинг те қосылды. Бұл – адамды еркінен тыс бақылау, жиі мазалау арқылы психологиялық қысым көрсету әрекеті. Бұл туралы ҚР ІІМ дерегіне сүйеніп, newsroom.kz хабарлайды.
Министрліктің түсіндіруінше, сталкингке адамның келісімінсіз байланыс орнату немесе соңынан аңду жатады. Мәселен, тоқтаусыз қоңырау шалу, интернет арқылы бақылау жасау, күнделікті соңынан қалмай жүру – бәрі де адамның шекарасына қол сұғып, үрей мен мазасыздық тудырады. Мұндай әрекет жәбірленушіге айтарлықтай зиян тигізсе, қылмыс деп танылады.
«Заңға сәйкес, сталкинг жасағандар 200 АЕК-ке дейін айыппұл төлейді немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық не түзеу жұмыстарына тартылады. Бұдан бөлек, 50 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін», – делінген ІІМ хабарламасында.
Заңгерлердің айтуынша, бұл шешім құқықтағы олқылықтың орнын толтырды. Өйткені бұрын мұндай қудалаудан зардап шеккендер өз құқықтарын қорғауда қиындық көретін. Тіпті зорлық-зомбылыққа бармаса да, психологиялық қысым қатты болғанымен, заңдық тетіктер шектеулі еді.
Жаңа норманың қабылдануы – әр азаматтың жеке кеңістігі мен еркіндігін құрметтеу қажеттігін көрсетеді. Сондай-ақ бұл қадам әйелдер мен жасөспірімдер сияқты осал топтардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.