Ливерпульде (Англия) өткен додада 50 келіге дейінгі салмақта ол моңғолиялық Баттулга Алдархишигпен жұдырықтасты. Әлем чемпионы атағын қорғаған Санжар алғашқы раундтан-ақ басымдық танытып, төрешілер бір ауыздан (5:0) оның жеңісін мойындады. Екінші раундта да жағдай өзгермей, Тәшкенбай айқын артықшылыққа ие болды. Үшінші кезеңде де қарсылағына мүмкіндік бермей, айқын жеңіске жетті. Нәтижесінде Санжар Тәшкенбай кездесуді 5:0 есебімен толық басымдықпен аяқтады.
Бұл алтын – Қазақстан құрамасының Ливерпульдегі алғашқы жеңісі. Бұған дейін Назым Қызайбай финалда үнділік спортшыға есе жіберіп, күміс жүлде иеленген еді. Ерлер арасындағы бәсекеде Санжардың жеңісі – ұлттық құраманың тұңғыш медалі болып отыр.
Екі дүркін әлем чемпионы
Айта кетейік, Санжар Тәшкенбай бұған дейін, яғни екі жыл бұрын 19 жасында ересектер арасындағы әлем чемпионатын Ташкентте (Өзбекстан) ұтып алған болатын. Осылайша, ол қазақ боксы тарихында қос дүркін әлем чемпионы атанған екінші спортшы. Бұл мәртебелі атаққа бұған дейін тек даңқты Серік Сәпиев қол жеткізген еді.
Бүгін Ливерпульдегі шаршы алаңда қазақстандық боксшылар тағы алты финалға шығады.
Алғашқы күндері Қазақстан құрамасы үш медаль иеленді: Виктория Графеева (60 кг дейін) мен Елдана Тәліпова (80 кг-нан жоғары) қола жүлдегер атанса, Назым Қызайбай (48 кг дейін) күміс медаль еншілеген болатын.