Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Израиль Йемен астанасы мен провинциясына соққы берді: 35 адам қаза тапты

Израиль Қорғаныс армиясы Йемен астанасы Сана мен елдің солтүстік-батысындағы Эль-Джауф провинциясына ауқымды әуе шабуылдарын жасады, деп хабарлайды newsroom.kz РИА Новостиге сілтеме жасап.

Израиль Йемен астанасы мен провинциясына соққы берді: 35 адам қаза тапты

Агенттік дерегінше, Израиль әскері соққылардың Йемендегі "Ансар Алла" (хуситтер) қозғалысына тиесілі нысандарға бағытталғанын мәлімдеген.
«Біршама уақыт бұрын Израиль әскеи-әуе күштері Сана мен Эль-Джауфтағы хуситтердің террористік режиміне тиесілі әскери нысандарға соққы жасады. Нысаналар арасында – содырлар жасырынған әскери лагерьлер, хуситтердің әскери ақпарат бөлімі орналасқан штаб және жанармай қоймасы бар», – делінген Израиль армиясының хабарламасында.

Сана билігіндегі дереккөздің айтуынша, Йемен астанасындағы Қорғаныс министрлігі кешеніне жасалған шабуылдан үш адам қаза тауып, жеті адам жараланған

«Орталық Сананың Ансар Алла үкіметіне қарасты Қорғаныс министрлігінің моральдық тәрбие бөлімі кеңсесіне жасалған екі әуе шабуылы салдарынан үш адам көз жұмды, тағы жетеуі жарақат алды», – деді ол.

Хуситтердің әскери күштері өкілі Яхья Сарияның мәлімдеуінше, Израиль авиациясы Йеменнің басты екі басылымы – «Аль-Йемен» және «26 қыркүйек» газеттерінің редакцияларына да соққы берген. Соның салдарынан журналистер арасында да қаза тапқандар мен жаралылар бар.

«Біз қарсыластың шабуылдары азаматтық нысандарды, соның ішінде “26 қыркүйек” және “Аль-Йемен” газеттерінің редакцияларын көздегенін растаймыз. Бұл басылымдарға жасалған соққылардан ерлер мен әйелдер арасында, сондай-ақ бейбіт тұрғындар мен жолай өтіп бара жатқан адамдар арасында құрбандар бар», – делінген қозғалыстың Telegram-арнасындағы жазбада.

Кейінірек «Ансар Алла» қозғалысы құрған үкіметтің Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Анис әл-Асбахи мәлімдегендей, Израильдің Сана мен Эль-Джауфқа соққысынан қаза тапқандар саны 35-ке жетіп, 131 адам жараланған.

«10 қыркүйек күні күндіз Сана қаласы мен Эль-Джауф провинциясына жасалған сионистік жау әуе шабуылы салдарынан қаза тапқандар мен жараланғандардың жалпы саны 166-ға жетті. Оның ішінде 35 адам мерт болып, 131-і жараланды», – деп жазды ол өз парақшасында.

Ал Израиль тарапы хуситтердің Израиль аумағына бағыттап жасаған шабуылдарына, оның ішінде дрондар мен «жер-жер» класты зымыран ұшыру әрекеттеріне жауап ретінде әуе соққылары жасалғанын алға тартты.

Айта кетсек, тамыз айының соңында да Израиль Сана қаласындағы «Ансар Алла» қозғалысының нысандарына бірнеше рет әуе шабуылын жасаған. Ол кезде хуситтердің жоғарғы басшылары мен энергетикалық инфрақұрылымдары нысанаға алынған болатын.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату