Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Израиль Катарда ХАМАС басшылығына соққы жасады

Израиль Катар астанасы Дохаға бірнеше әуе шабуылын жасады. Нысана – ХАМАС басшылығы. Катар бұл әрекетті халықаралық құқықтың өрескел бұзылуы деп атады. Бүгінгі шабуыл – Израиль тарихта алғаш рет Катар аумағына соққы бергені.

Израиль Катарда ХАМАС басшылығына соққы жасады
Фото: bbc

Палестинаның қарулы ұйымы бес мүшесі қаза тапқанын мәлімдеді. Олардың арасында Газа секторындағы ХАМАС жетекшісі Халиль әл-Хайяның ұлы бар.

Катар – АҚШ-тың Таяу Шығыстағы маңызды одақтасы. Сонымен бірге ол соңғы 10 жылдан аса уақыт бойы ХАМАС-тың саяси жетекшілеріне пана беріп, Вашингтонмен бірге Газадағы соғысты тоқтатуға делдалдық жасап келеді.

Не болды?

Сейсенбі күні Дохада бірнеше жарылыс дауысы естіліп, тұрғындар түтін көргендерін айтты. Израиль қорғаныс армиясы шабуылды 7 қазанда Израильге жасалған шабуылдарға тікелей қатысы бар ХАМАС басшылығына бағыттағанын мәлімдеді. Операцияны ШАБАК – Израильдің қауіпсіздік және қарсы барлау қызметімен бірлесіп жүргізген.

Катар бұған дейін келіссөздер үшін қауіпсіз орын саналып келген. Енді Израильдің соққысынан кейін бұл елдің келіссөз алаңы ретіндегі рөлі күмән тудырып отыр.

Соңғы 20 жылда Дохада түрлі халықаралық келіссөздер өткен: украиналық балаларды еліне қайтару, АҚШ әскерін Ауғанстаннан шығару, Судан көтерілісшілерімен бейбіт келісім, сондай-ақ 2023 жылғы 7 қазандағы ХАМАС шабуылынан кейінгі атысты тоқтату мен тұтқындарды босату туралы келісімдер.

Алайда сейсенбідегі соққыдан кейін Катардың болашағы қандай болатыны белгісіз.

Израиль билігі мен әскери қолбасшылығының айтуынша, шабуылдың мақсаты – 2023 жылғы 7 қазандағы қанды оқиғаны ұйымдастырған ХАМАС басшылары болған. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху 8 қыркүйекте Иерусалимде палестиналықтар жасаған шабуылға жауап ретінде бұйрық бергенін айтты. Ол оқиғада қарулы палестиндіктер автобус аялдамасында оқ жаудырып, алты адам қаза тапқан.

Катардың ішкі істер министрлігі жарылыстан кейін мәлімдеме жасап, соққы ХАМАС-тың «резиденциясына» тигенін растады.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату