«КСРО-ның ыдырағанына 35 жыл өтсе де, сол қақтығыстарға қатысқандарға төлемдер әлі беріліп келеді. Ардагерлеріміз барған сайын «жасарып», азаймай бара жатқандай. Бұл – ел қаржысын тиімді жұмсауға үлкен кедергі», – деді ол.
Тоқаевтың пікірінше, әлеуметтік саладағы жеңілдіктерді қолдан көбейту – жаңа мектеп, аурухана, жол және өзге де нысандар салуға жұмсалатын миллиардтаған қаржыны босқа шашу.
Мемлекет басшысы ажырасқан отбасыларға жеңілдік беру тәжірибесін мысалға келтірді. Оның айтуынша, бұл шешім қоғамда масылдық пен әлеуметтік алаяқтықты өршітті. «Егер отбасының барлығы жәрдемақы алып отырса, жұмыс істеудің не қажеті бар?» – деді ол.
Сондай-ақ президент әлеуметтік саладағы есеп пен талдаудың әлсіздігін атап өтті. Осы олқылықты жою үшін Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі базасында жасанды интеллект қолданатын жаңа орталық құрылатынын мәлімдеді.