Құрамыс шағынауданында әкімнің орынбасары «Bazis Construction» ЖШС салған 1500 орындық жайлы мектепке барды. Бейбіт Шаханов Құрылыс басқармасына мектепті Білім басқармасының иелегіне өткізуді жеделдетіп, 15 қыркүйекке дейін инженерлік және коммуникациялық желілерді іске қосу жұмыстарын толық аяқтауды тапсырды.
Сондай-ақ, осы шағынаудандағы ауысымына 500 адам қабылдайтын емхананың құрылысын көрді. Мұнда «MIR-A Construction» ЖШС монолитті жұмыстар жүргізіп жатыр. Сапар барысында әкімнің орынбасары жұмысшылар санын арттырып, құрылыс-монтаж жұмыстарының қарқынын күшейтуді міндеттеді.
Құрылыс компанияларының мәліметінше, нысандар шамамен 70-85% дайын. Құрылыс басқармасына жұмыс сапасын бақылауды күшейту тапсырылды.
«Балалар өзінің мектебіне тезірек оралуы қажет. Сондай-ақ, аумақты абаттандыру және көгалдандыруға ерекше мән беру керек. Ағаш егіп, балаларға ыңғайлы әрі әсем аула жасаңыздар», – деді Бейбіт Шаханов.
Айта кетелік, балабақшаларды аралау барысында әкімнің орынбасары балаларға жасалып отырған жағдайға тоқталып, олардың қауіпсіздігі мен жайлылығы басты назарда болуы керектігін атап өтті.