Колледжде бүгінде 41 оқу кабинеті, спорт және акт залы, жатақхана мен үлкен кітапхана жұмыс істейді. Ең бастысы – оқу процесіне қажет тоғыз шеберхана мен зертхана студенттердің еркін білім алуына жағдай жасап отыр.
Осыған байланысты колледж директоры Бектұрған Ахметов оқу орнының артықшылықтарына тоқталды:
«Біздің колледж 1969 жылы құрылған. Қазіргі таңда 8 мамандық бойынша 1200-ден астам студент білім алуда. Жыл сайын жұмысшы мамандықтарына қызығушылық артып келеді. Биыл студенттер саны былтырғыдан 50-ге көп. Біз Алматыда сантехника және жылу жүйесі бойынша бірегей мамандар дайындаймыз. Жақында “Хаус-мастер” мамандығын аштық. Бұл мамандық сантехник, электрик, дәнекерлеуші қызметтерін біріктіреді. Студенттеріміз халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүр», – деді ол.
Осы мүмкіндіктерді пайдаланып жүрген студенттердің бірі – сантехника мамандығын меңгеріп жүрген Дмитрий Климов. Ол өзінің таңдауы мен жетістіктері туралы айтты:
«Бұл сала әрқашан қажет. Чемпионаттарда бақ сынап, бірінші орын алғаным бар. Қазір халықаралық деңгейде өнер көрсетуге дайындалып жүрмін. Колледж маған үлкен мүмкіндік берді, мұғалімдеріміз көп нәрсеге үйретті. Болашақта өз компаниямды ашып, елге пайдалы кәсіпкер болғым келеді», – деді жас маман.
Мастер Алмас Құрниязов та шеберханалардың жұмысын таныстырып өтті:
«Біздің шеберханалар заманауи құрылғылармен жабдықталған. Металл өңдеу, дәнекерлеу және құрылыс жұмыстарында студенттер халықаралық деңгейде дайындалады. Былтыр шәкіртіміз Францияда өткен WorldSkills чемпионатында жүлде алды. Биыл тағы бірнеше студентіміз шетелге жолдама алып отыр», – деді ол.
Айта кетелік, колледждің ең үлкен артықшылықтарының бірі – дуальді оқыту жүйесі. Яғни студенттер тек теориялық біліммен шектелмей, серіктес кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтеді.