Тридс желісін қолданушы Цуканова Регина 280 000 теңгеге диван рәсімдеймін деп, алаяқтардың құрығына түскен.
Алаяқтардың тәсілі:
Kaspi-дүкеннен хабарлама келген: тапсырыс сатушы тарапынан күшін жойған. Сол сәтте біреу WhatsApp мессенджеріне шығып, “сіздің тапсырысыңыз жеткізу қызметіне жіберілген, бірақ менеджер шатасып жойып тастаған. Сондықтан төлемді қайта жасауыңызды сұраймыз, жеткізу уақтылы болады” делінген. Қолданушы мән бермей, қайта төлеген. Бірақ, бұл жолы төлемді басқа шотқа аударған екен.
Тауар сол күйі жеткізілмеді. Кейін вацаптан әлгі кісі алаяқ екенін мойындап, өздерінің алаяқтық жүйесіне дейін айтып берген. Өзі ақкөңіл, «Мейірімді алаяқ» болып шықты: ақшаңызды қайтарып алуға тырысыңыз деп кеңес берген. Әрине, өзі қайтарып бермек ниетте емес…
Заң бойынша тауарды сатқан ЖК (ИП) ақшаны қайтарып беруге міндетті. Соны пайдаланған «мейірімді алаяқтар» бөгде біреудің ЖК-ін өз келісімімен уақытша пайдалануға алып, жымысқы жоспарын жүзеге асырады. Ақшасынан айырылған сатып алушы өз қаржысын заң бойынша өндіріп ала алады. Осылайша, екі ортада өз келісімімен ЖК-ін уақытша жалға берген кәсіпкер құрбан болып шыға келеді.
Осылай ЖК-ін жалға беремін деп құрбан болғандарын айтқан желі қолданушылары да жетерлік...

Мұны Kaspi.kz өкілдері де растады:
«Қаражат толық қайтарылды. Жеке кабинетін үшінші тұлғаға берген серіктес келтірілген шығынды өтеді. Ережелерді бұзған сатушылар қайтарымсыз бұғатталды».
Тура осындай алаяқтықтың құрбаны болған блогер Дамир Ескендір сақ болуға шақырды:
«Қымбат болсын, арзан болсын, жиі тапсырыс беретіндерге айтарым – әрдайым мұқият тексеріңіздер, ақшаны кімге аударып жатқандарыңызға көңіл бөліңіздер. Қайта жіберуге асықпаңыздар».
Ал екі ортада босқа қарызға батып қалған ЖК-нің шығынды төлеуден басқа шарасы жоқ. Өйткені, ол ЖК-нің жеке кабинетін бөгде адамға өз еркімен берген.