Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов азаматтық жауапкершілік танытқаны үшін такси жүргізушісі Алексей Бортовойға Алғыс хат пен ведомстволық қолсағат табыстады.
– Сіздің сергектігіңіздің арқасында ірі алаяқтықтың жолы кесіліп, зейнеткердің ұзақ жылдар бойы жиған қаражаты сақталды. Бұл – отбасында берілген тәрбиенің, отансүйгіштік пен қоғамға бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымның жарқын үлгісі, – деді Болат Нұрсейітов.
Оқиға 22 желтоқсан күні кешкі уақытта болған. Такси жүргізушісіне бір затты жеткізу жөнінде тапсырыс түскен. Алайда көрсетілген жеткізу ақысының әдеттегіден тым жоғары болуы жүргізушінің күдігін оятқан. Белгіленген мекенжайға барған кезде, жөнелтушінің жасы үлкен әйел екенін көріп, не жібергелі жатқанын сұраған. Әже нақты жауап бере алмай, қатты абдырап тұрған.
Жағдайдың күмәнді екенін аңғарған жүргізуші зейнеткерді көлігіне отырғызып, жақын маңдағы учаскелік полиция пунктіне жеткізген.
– Бұған дейін полиция алаяқтардың осындай тәсілдері туралы ескерткен еді. Сондықтан бәрін тексеріп алған дұрыс деп шештім. Нәтижесінде, әженің алаяқтардың арбауына түсіп қала жаздағаны және белгісіз адамдарға 8,5 миллион теңге бермек болғаны анықталды. Ол бұл ақшаны не үшін беруі керектігін өзі де нақты түсіндіре алмады. Менің орнымда кез келген адам осылай істер еді деп ойлаймын. Ең бастысы – бәрі жақсы аяқталды, – деді Алексей Бортовой.
Полиция департаменті азаматтарды сақ болуға шақырады: ешбір мемлекеттік орган азаматтардан ақша талап етпейді, қаражатты «сақтауға» алмайды және курьер жібермейді. Мұндай әрекеттер – алаяқтардың кең тараған айла-тәсілдері.