Жоба туралы
Қазіргі заманда қоғамдық қауіпсіздік – қаланың өмір сүруге, еңбек етуге және инвестиция салуға қолайлы болуын айқындайтын басты факторлардың бірі. Астанада жүзеге асырылып жатқан ауқымды Smart Astana жобасы осы мәселені басты назарға алып отыр. Бұл тақырып жуырда Қоғамдық кеңес ұйымдастырған диалог алаңында талқыланды. Кездесудің нәтижесі көрсеткендей, цифрландыру мен қауіпсіздік – қала тұрғындарының негізгі сұранысы әрі жылжымайтын мүлік нарығының жаңа драйверіне айналуы мүмкін.
Заманауи қала – тек дамыған инфрақұрылым ғана емес, сонымен қатар қауіпсіздік пен жайлылық кепілі. Астанада «Smart City» жобасы қарқынды жүзеге асырылуда. Жоба елорданы өңірдегі ең қауіпсіз әрі технологиялық тұрғыда дамыған мегаполистердің қатарына қосуға бағытталған. Халықаралық серіктестердің қатысуымен іске асырылып жатқан бұл ауқымды бастама өмір сапасына тікелей әсер етіп, соның арқасында қаланың жылжымайтын мүлік нарығының инвестициялық тартымдылығын арттыруда.
26 тамызда Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің алаңында осы тақырыпқа арналған пікірталас өтті. Оған мемлекеттік органдардың өкілдері, мәслихат депутаттары, халықаралық серіктестер, IT-сарапшылар, қоғам белсенділері, МИБ (мүлік иелерінің бірлестігі) және елорда тұрғындары қатысты.
Халықаралық тәжірибе – қауіпсіздік кепілі
Жобаның негізгі серіктесі – БАӘ-нің G42 холдингінің еншілес компаниясы Presight AI. Нарықтық капитализациясы $5 млрд болатын компания – жасанды интеллектті қолданып, үлкен деректерді талдау саласындағы аймақтық көшбасшы. Компанияның 25-тен астам табысты жобасының нәтижесінде Абу-Даби мен Дубай әлемдегі ең қауіпсіз қалалардың қатарына қосылды. Енді осы тәжірибе мен технологиялар Астананың цифрлық инфрақұрылымын құруда қолданылады.
Жүйе қалай жұмыс істейді?
Жоба аясында тәулік бойы жұмыс істейтін ситуациялық орталық құрылады. Ол қаланың «миы» болып, 15-тен астам жүйені – бейнебақылау, көлік, ТКШ және қоғамдық қауіпсіздік салаларын біріктіреді. Жыл соңына дейін қалада 15 000 камера орнатылып, олар 35-тен астам жасанды интеллект алгоритмдері арқылы жұмыс істемек. Бұл алгоритмдер адамдардың іс-әрекетін тануға, көлік қозғалысын талдауға және жол қозғалысы ережесінің 15-тен астам бұзушылығын анықтауға мүмкіндік береді. Осыншама деректерді өңдеу үшін жаңа буындағы жоғары технологиялық деректер орталығы салынып жатыр, оның жартысы жасанды интеллект міндеттеріне бөлінген.
Тұрғындар мен жылжымайтын мүлік нарығына ықпалы қандай?
Интеллектуалды технологияларды енгізу барлық тұрғындарға айтарлықтай пайда әкеледі. Жүйе оқиғаға әрекет ету уақытын 30-50%-ға қысқартуға мүмкіндік береді. Жолдардағы қауіпсіздік қамтамасыз етіліп, заңбұзушылықтар автоматты түрде тіркеледі, апаттардың алдын алу жүйесі жұмыс істейді. Балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Мектептер мен аулаларға «ақылды» камералар қойылып, күмәнді жағдайларға жедел әрекет етеді.
Жоба қауіпсіздікке тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Жүйе елорданың орталығынан бастап шеткі аудандарына дейін бірдей стандарт ұсынады. Бұл жылжымайтын мүлік нарығы үшін аса маңызды. Пәтерлердің құны тек орталықта емес, сонымен қатар шеткі ықшамаудандарда да өсіп, оларды отбасылар мен инвесторлар үшін тартымды етеді.
Қазақстан үшін стратегиялық маңызы
Smart City Astana – аймақтағы ең ірі цифрлық трансформация жобаларының бірі. Оның стратегиялық маңызы зор. Себебі Мемлекет басшысы бұл үлгіні бүкіл Қазақстанға енгізуді тапсырды. Жобаның тағы бір маңызды нәтижесі – жергілікті IT-экожүйенің дамуы. Жұмыстың 60%-дан астамын қазақстандық компаниялар атқаруда. Осылайша, Астана жасанды интеллект саласында өңірлік көшбасшылықты нығайтып, Еуразиядағы маңызды AI-хабқа айналуда.
Қала тұрғындарының басты талабы – қауіпсіздік
Жүргізілген әлеуметтану сауалнамалары елордалықтар үшін маңызды мәселелерді көрсетті. Айталық, 85% тұрғын балалар мен мектептердің қауіпсіздігін басты міндет деп санаған. Ал, 91%-ы барлық бейнебақылау жүйесін орталықтандыруды қолдаған. Сондай-ақ, тұрғындардың 46%-ы қала шетін толық қамтуды жақтаған.
Бұл деректер «Ақылды қала» жобасының – жай ғана технологиялық бастама емес, қоғам сұранысына берілген тікелей жауап екеніне дәлел. Қоғамдық кеңес мүшесі Аяжан Өтеуова атап өткендей, «Бұл қауіпсіздік – елорда тұрғындары үшін нөмірі бірінші қажеттілік екенін көрсетіп отыр».
Жүйелі цифрландыруға мемлекет көзқарасы
Астана қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы Берік Ахметов жобаның мақсаты тек камера орнату емес, қаланы басқарудың бірыңғай цифрлық архитектурасын құру екенін атап өті. Бейнебақылау жүйелері, датчиктер, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық біртұтас ситуациялық орталыққа біріктіріліп, оқиғаларға әрекет ету жылдамдығы артып, қызметтердің тиімділігі күшейеді.
«Біздің мақсатымыз – тек камера орнату емес, қаланы басқарудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру. Камералар, датчиктер, көлік және ТКШ ортақ ситуациялық орталыққа біріктіріледі. Бұл оқиғаларға тезірек әрекет етуге және алдын алуға мүмкіндік береді» – дейді Астана қаласы Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Берік Ахметов.
Халықаралық тәжірибе және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік
Жобаны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) форматында жүзеге асыруға ерекше мән берілуде. Presight AI Kazakhstan өңірлік директоры Максат Қошымбаевтың айтуынша, мұндай тәсіл үздік халықаралық тәжірибелерді тартуға, сонымен бірге отандық IT-мамандар үшін жаңа жұмыс орындары мен құзыреттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл жүйенің әлемдік стандарттарға сай болуын ғана емес, қаланың толық бақылауда болуын да қамтамасыз етеді.
«Presight ОАЭ, Үндістан, Финляндия тәжірибелерін алып келеді. Бірақ енгізу отандық мамандардың қатысуымен жүреді. Жұмыстардың 60%-ға жуығын қазақстандық IT-компаниялар атқарады. Бұл жаңа жұмыс орындарын, жаңа құзыреттерді қалыптастырады және жүйенің қала бақылауында қалуын қамтамасыз етеді» – дейді Presight AI Kazakhstan өңірлік директоры Максат Қошымбаев.
Мәслихат депутаттарының, қоғамның пікірі қандай?
Мәслихат депутаттарының ұстанымын Владислав Сергеев жеткізді. Оның айтуынша, жол-көлік оқиғаларының санын азайту – ең өзекті мәселе. Ал оған қол жеткізудің жалғыз шешімі – барлық бейнебақылау жүйелерін орталықтандыру және деректерді жасанды интеллект арқылы талдау.
«Біз үшін ең маңыздысы – жол апаттарының санын азайту. Шешімі – барлық бейнебақылау жүйелерін орталықтандыру және деректерді жасанды интеллект арқылы талдау. Сонда ғана жол-көлік оқиғалары мен өлім-жітімді нақты қысқартуға болады» - дейді Астана қаласы Мәслихатының VIII шақырылымдағы депутаты, құрылыс, экология, көлік және ТКШ мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Владислав Сергеев.
Жобаға қатысты депутат Азамат Айтхожин де өз пікірін білдірді. Ол қауіпсіз қала тек орталықты ғана емес, шеткі аудандарды да қамтуы тиіс екенін атап өтті.
«Қауіпсіз қала тек орталықпен шектелмеуі керек. Шеткі аудандардың тұрғындарының да қорғалу құқығы бар. Біз жүйенің тұрғын массивтері мен шағын аудандарда кеңейтілуін қолдаймыз» – деді Астана қаласы Мәслихатының VIII шақырылымдағы депутаты, заңдылық, құқық тәртібі және қоғаммен жұмыс жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Азамат Айтхожин.
Жеке тәжірибенің де маңызы зор
Қоғам белсендісі Смышляева жобада балалар қауіпсіздігіне баса назар аудару керегін айтты.
«Әр отбасы үшін басты басымдық – балалардың қауіпсіздігі. Мектептердегі және оларға апаратын жолдардағы камералар – сән-салтанат емес, әр отбасы үшін өмірлік қажеттілік» – дейді Смышляева.
Ал, кәсіпкер Нұрлан жобаның кешенді сипатына тоқталды.
«Smart Astana – тек камера емес. Бұл көлік, ТКШ, білім беру және қауіпсіздікті біріктіретін кешенді жоба. Маңыздысы – ол тұрғындардың сұранысы негізінде құрылуда» – дейді ол.
Өндіріс шағынауданының тұрғыны да жобаның алғашқы оң әсерлерімен бөлісті.
«Бұрын аулаларымызда қауіпсіздік төмен еді. Камера орнатылғаннан кейін жастар тыныш жиналатын болды, тұрғындар да өздерін сенімді сезінеді. Осындай камералар әр ауданға орнатылса дейміз» – дейді шағынаудан тұрғыны.
Мектеп оқушысының анасы Жансая ата-аналардың ортақ ойын жеткізді.
«Әрбір ата-ана үшін ең бастысы – баласының қауіпсіздігіне сенімді болу. Мектеп пен аялдама жанындағы камералар – бұл ата-аналардың қалаға деген сенімінің өлшемі». – дейді Жансая.
МИБ төрағасы Серік тұрғын үй кешендеріндегі өзекті мәселелерді көтерді.
«Біздің тұрғын үй кешендерінде рұқсатсыз кіру, лифтілерді бүлдіру сияқты проблемалар көп. Камералар осындай тәуекелдерді нақты азайтады. Сондықтан жоба тек жолдарда ғана емес, тұрғын үй кешендерінде де жүзеге асуы тиіс» – дейді МИБ төрағасы.
Жалпы, пікірталас Smart Astana жобасының жай ғана технология енгізу емес екенін көрсетті. Бұл – тұрғындардың өмір сапасына және елорданың инвестициялық тартымдылығына тікелей әсер ететін стратегиялық шешім. Балалар мен жол қауіпсіздігі, барлық аудандарды тең қамту, отандық IT-секторды дамыту және қызметтердің жедел әрекеті – осының бәрі жылжымайтын мүлік нарығының дамуына қолайлы жағдай туғызады.
Астана өзін өңірдегі ең қауіпсіз әрі технологиялық қалалардың біріне айналдыруға сенімді қадам жасап келеді, мұнда цифрландыру ең алдымен адам игілігіне қызмет етеді.
«Бүгінгі әңгіме тағы да көрсетті: қауіпсіздік – елордалықтар үшін №1 қажеттілік. Біз мемлекет, халықаралық серіктестер, депутаттар мен қоғамның пікірін тыңдадық. Smart Astana жобасын іске асыруда барлық тараптың көзқарасын ескеру маңызды» – дейді Қоғамдық кеңес мүшесі, кездесудің модераторы Аяжан Өтеуова.
Қоғамдық кеңес жиында айтылған ұсыныстарды жинақтап, уәкілетті органдарға жолдайтын болды.
Қорыта айтқанда, Smart Astana – жай ғана технологиялық бастама емес, болашақ қалалардың цифрлық іргетасы. Оның мақсаты – жол апаттары мен қылмысты азайту, барлық аудандарды тең қамту, отандық IT-саланы дамыту және қызметтердің жедел әрекетін қамтамасыз ету. Бұл факторлардың барлығы қаланы өмір сүруге әрі инвестиция салуға тартымды етіп, жылжымайтын мүліктің құнын арттырады және жайлылық пен қауіпсіздіктің жаңа ортасын қалыптастырады.