2023 жылдан бастап федерация президенті лауазымын атқарған Мұқатаев Айдос Зиядұлының қызметтен кетуіне байланысты, 2025 жылдың 28 тамызынан бастап Сәрсенғалиев Нартай Аралбайұлы тағайындалды.
«Сіздің бұл мәртебелі қызметке келуіңіз – еліміздегі спорт саласының жүйелі дамуына, халықаралық стандарттарға сай ілгерілеуіне тың серпін беретініне нық сенім білдіреміз», - делінген федерацияның әлеуметтік желідегі парақшасында.
Нартай Аралбайұлының өмірбаяны:
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі.
1991 жылы 15 маусымда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 2010 жылы «Алматы» телеарнасының тілшісі болып бастады.
2010-2014 жылдары «КТК» телеарнасының ақпараттық бағдарламалар дирекциясының жетекші тілшісі болды;
2013-2014 жылдары «Ел Арна» телеарнасындағы «Бәрі де мүмкін» ток-шоуының редактор-жүргізушісі;
2014 жылы - «Qazaqstan» телеарнасында шетелдік азаматтардың қатысуымен «Hello Қазақстан!» жобасын жүргізушісі;
2014-2015 жылдары «Ұлттық өнім» жобасын жүргізушісі, «Qazaqstan» телеарнасында экономикалық жаңалықтардың жүргізушісі;
2015 жылы Алматы қаласындағы Оқушылар сарайы директорының бірінші орынбасары;
2015-2016 жылдары «Алматы» телеарнасының қазақ бөлімінің бас редакторы, «Алматы» телеарнасында авторлық «Алматы апталығы», «Өткір тіл» бағдарламаларын жүргізушісі;
2017 жылдан бері «Qazaqstan» телеарнасындағы «Мәселе», «Шаңырақ», «Ашық Алаң» бағдарламаларын жүргізді;
2022 жылдың сәуір айынан «1001 түн» бағдарламасының жүргізушісі.
«Шапағат» медалімен марапатталды (2021 ж.), БАҚ саласында Қазақстан Республикасының Президенті грантының иегері, ХХІ халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-При иегері, «Тұмар» сыйлығының 2 мәрте иегері.