Жалпы аудиториясы 15 миллионнан асатын жұп бірнеше күн бұрын 11 автокөлік ойнатылатынын хабарлаған. Алайда акция заңға сәйкес емес болуы мүмкін деген күдікпен азаматтың шағымы түскен. Өтініш Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты ойын бизнесі мен лотереяларды реттеу комитетіне жолданған.
Комитет мәліметінше, Ерболат Жанабыловқа ресми хабарлама жіберіліп, түсініктеме беру талап етілген. Оның жауабына қарай әкімшілік іс қозғалуы мүмкін. Егер блогер жауап бермесе, іс автоматты түрде ашылып, қатыспаған жағдайда сырттай қаралады.
Айта кетерлігі, ресми арыз түспей тұрып-ақ блогерлердің парақшасындағы пікір қалдырушылар мемлекеттік органдарды белгілеп, тіпті Президентке дейін жүгініп, ұтыстың заңдылығын тексеруді сұраған.
Заң бойынша, лотереяны тек лицензиясы бар операторлар немесе агенттер ғана өткізе алады. Бұл талапты бұзғандарға 100-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Ал блогерлер болса, көліктерді зауыттан алғанын айтып, «инфобизнес арқылы табыс табуға мүмкіндік беретін» курстарын жарнамалауды жалғастырып жатыр. Бірақ олардың жарнамалық сайты онлайн-казиноға ұқсас, оқу барысы туралы нақты ақпарат жоқ.
Министрлік әлеуметтік желі қолданушыларына тағы бір мәрте ескерту жасады: мұндай «гивтер» мен ұтыстар жеңіске емес, ақша мен уақыт жоғалтуға әкелуі ықтимал.