Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Шатасып басқа біреуге ақша аударып қойғанда не істеу керек?

Қарапайым қателік кейде үлкен қаржылық дауға айналуы мүмкін.

Соңғы жылдары мобильді банкинг пен онлайн төлемдер күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Бірақ қате шотқа ақша аудару жағдайлары жиілеп барады. Көпшіліктің білмейтіні – банк мұндай ақшаны автоматты түрде қайтарып бермейді. Сондықтан әркім өз құқығын білгені жөн. Заңгер Жанабаев Нұрланның құқықтық түсіндірмелері негізінде дайындалған материалымыздан мұндай жағдайда не істеу керектігі туралы толық ақпарат ала аласыз.

Шатасып басқа біреуге ақша аударып қойғанда не істеу керек?
Фото: Forbes.kz

Алғашқы қадамдар

Егер ақшаны қате жіберіп қойсаңыз, ең алдымен:

  • Банк қосымшасы немесе call-орталық арқылы өтініш беріңіз;
  • Төлемді растайтын құжаттарды (чек, түбіртек, скриншот) сақтап қойыңыз;
  • Ақша түскен адамның аты-жөнін анықтап, онымен байланысуға тырысыңыз.

Көп жағдайда адамдар жағдайды түсініп, ақшаны ерікті түрде қайтарып береді.

Алушы бас тартса не болады?

Алушы ақшаны қайтармаса, бұл жағдайда заң сіздің жағыңызда.

Адвокат Нұрлан Жанабаевтың айтуынша:

«Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 953-бабында «Негiзсiз баюды қайтару мiндетi» деген норма бар. Яғни, бөтеннің ақшасын иемденіп қалуға ешкімнің құқығы жоқ. Ақша иесіне міндетті түрде қайтарылуы тиіс».

Егер алушы бас тартса, сізде келесі құқықтар бар:

  • Банктен төлем құжаттарын талап ету;
  • Ақша алған адамға ресми түрде талап қою;
  • Сотқа арыз беріп, қаражатыңызды өндіру.

Жауапкершілік қандай?

Н.Жанабаевтың түсіндіруінше, мұндай жағдайда екі түрлі жауапкершілік бар:

  • Азаматтық-құқықтық – сот шешімімен ақша қайтарылады, оған қоса сот шығындары мен басқа да шығыстарды өтеу міндеттелуі мүмкін.
  • Қылмыстық – егер адам ақшаны әдейі иемденіп, жұмсап жіберсе, ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы бойынша жазаға тартылады. Бұл айыппұлдан бастап үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына дейін қарастырылған.

Полицияға арыз жазуға бола ма?

Иә. Егер ақша иесі қайтарудан бас тартса және оны жеке пайдасына жұмсаса, полицияға арыз жазуға толық құқығыңыз бар. Бірақ тәжірибеде мұндай даулардың көбі азаматтық сот тәртібімен шешіледі.

Қалай сақтануға болады?

  • Ақша аударар алдында алушының аты-жөнін мұқият тексеріңіз;
  • Ірі соманы жіберерде деректерді бірнеше рет қарап шығыңыз;
  • Жиі қолданатын шоттарды қосымшада сақтап қойыңыз.

Қате ақша аударымы – кез келген адамның басынан өтуі мүмкін жағдай. Мұндай сәтте сабыр сақтап, заңды жолмен әрекет ету маңызды. Қаражатты қайтарып алудың нақты заңдық тетіктері бар екенін есте ұстаған жөн.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату