Негізгі автожолдарды реконструкциялау жұмыстарын аяқтау және цифрландыру
2024 жылдың наурыз айында «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» Ұлттық құрылтай отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кемінде 12 мың шақырым автожолды реконструкциялау және жөндеуден өткізуді тапсырған болатын.
2024 жылдың қорытындысы бойынша қойылған міндеттерді орындау шеңберінде 12 мың шақырым жолға құрылыс, жөндеу және реконструкциялау жұмыстары жүргізілді, оның 7 мың шақырымында негізгі жұмыстар аяқталды. Жобаға 10 мыңнан астам техника мен 25 мың маман қатысты. Нәтижесінде, республикалық маңызы бар жолдардың қалыпты жағдайы 93%-ға, ал жергілікті жолдардың нормативтік жағдайы 89%-ға дейін жақсарды.
«Жүк көліктерінің шамадан тыс жүктемесін бақылау үшін 2025 жылдың аяғына дейін 220 автоматтандырылған өлшеу стансасы орнатылады. Цифрландыруға айрықша көңіл бөлінуде. Электронды билеттер, цифрлық диспетчер қызметі, алдын ала техникалық қызмет көрсету, интеллектуалды көлік жүйелері енгізіліп жатыр», — деді көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров.
Транскаспий бағыты Еуразиялық логистиканың негізгі буынына айналуда: соңғы 5 жылда жүк тасымалы 6 есеге артты
Мемлекет басшысының Жолдауында серіктес елдер – Қытай, Әзербайжан, Грузия және Түркиямен Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТМТМ) дамыту үшін күш-жігер бірлестіру міндеті қойылды. Бүгінде осы бағыттағы жұмыс айтарлықтай нәтиже беруде.
Серіктестермен бірлесе отырып 2027 жылға дейін «тұйық» жерлерді синхронды жою бойынша жол картасы әзірленді. Оның аясында «Достық–Мойынты» теміржол желісі пайдалануға берілді, Алматы стансасының айналма жолы салынуда, порт инфрақұрылымы жаңғыртылуда: Құрық портының акватория түбі тереңдетілді, қуаттылығы 1 млн тонна астық терминалыжәне Ақтау портында контейнерлік хаб іске қосылды.
«Жуырда қытай тарапымен бірлесіп Ақтау портында контейнерлық терминал іске қосылды. Сиань қаласында біздің құрғақ порт табысты жұмыс істеп тұр. Селятино, Свислочь және Будапешт маңында жаңа терминалдар салынуда», — деді Мақсат Қалиақпаров.
Қазақстанда авиатасымалдарды дамыту: техникалық парктерді жаңарту және жаңа бағыттар
Бүгінгі таңда елімізде әуе кемелерінің паркі 104 бірлікті құрайды, оның ішінде 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында жеткізілген 6 жаңа Airbus A320 типті ұшағы мен 1 Boeing 737 MAX 8 жаңа ұшағы.
2030 жылға дейін техникалық парк тағы 103 ұшақпен толықтырылады, нәтижесінде 216 бірлікке дейін арттырады.
«Биыл 36 жаңа халықаралық маршрут ашылып, нарыққа 8 шетелдік авиакомпания келді. Ел ішінде 61 бағыт бойынша аптасына 850 рейс жасалады», — деп атап өтті Мақсат Қалиақпаров.