Бұл оқиға нағыз шытырман фильмді еске түсіреді. Mash Telegram-арнасының жазуынша, жарақат алған Натальяға серігі алғашқы медициналық көмек көрсетіп, содан кейін көмек шақыру үшін лагерьге кеткен. 14 тамыз күні неміс пен италиялық екі альпинист оған жетіп, ұйықтайтын қап, газ плиткасы, тамақ және баллон қалдырған. Бірақ оларда қайта түсуге күш қалмағандықтан, түнді сол жерде өткізген.
Келесі күні екеуі лагерьге қайта түскен. Алайда италиялық спортшы қатты үсіп қалған. Жағдайды қиындатқан — боран мен нөлдік көрініс. Кейін екеуі қайта көмекке шыққанда, тағы да боранға тап болып, 6800 метр биіктікте түнеп қалған. Осы кезде италиялықтың жағдайы күрт нашарлап, дәрігерлер рация арқылы оған ми ісінуі болуы мүмкін деп болжаған. Бірнеше сағаттан соң ол көз жұмды. Оның денесі 6900 метр биіктіктегі үңгірде қалды. Құтқарушылар әйелді түсірген кезде марқұмды да бірге алып түспек.
Қырғызстан Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, зардап шеккендерді эвакуациялау үшін тауға Ми-8 тікұшағы жіберілген, бірақ ауа райының қолайсыздығынан қатты қонып, апатқа ұшыраған. Экипаж бен алты құтқарушы аман қалғанымен, кейбірі жарақат алған. Кейін Ми-17 тікұшағы көмекке келіп, зардап шеккендерді Қарақолға жеткізді.
16 тамызда ауа райы нашарлап, эвакуация тоқтатылған. 19 тамызда жағдай жақсарып, екі тікұшақ алты мәрте ұшып, ондаған адамды эвакуациялады. «Жеңіс» және «Хан-Тәңірі» шыңдарынан альпинистер, құтқарушылар, туристер барлығы 62 адам, ал «Солтүстік Энильчек» лагерінен 30 адам эвакуацияланды. Арасында Қазақстан, Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Қырғызстан азаматтары бар. Сондай-ақ 16 тамызда «Хан-Тәңірі» шыңында қаза тапқан ресейлік альпинист Алексей Ермаковтың денесі төмен түсірілді.
Ал Наталья Наговицина әлі биікте. Дрон арқылы түсірілген кадрларда оның желден жыртылған шатырдың ішінде тірі екені көрінеді. Құтқару әрекетінің кезекті кезеңі 20 тамызға жоспарланған.
Айта кетейік, Натальяның аты бұған дейін де төтенше жағдайлармен аталған. Төрт жыл бұрын «Хан-Тәңірінде» оның күйеуі Сергей Наговицин сал болып қалған. Әйел оны тастамай, түнді қасында өткізгенімен, ер адамды құтқару мүмкін болмаған. Кейін Наталья сүйген жарының құрметіне шыңға қайта көтеріліп, ескерткіш тақта орнатқан. Бұл оқиға туралы деректі фильм де түсірілген.
Соңғы күндері Қырғызстан тауларында үш альпинист көз жұмды: екеуі ресейлік, біреуі италиялық. Тағы екі адам — Ресей мен Германия азаматтары жарақат алған.