Дәрігерлердің айтуынша, қарақұрт шағуына тап болғандар саны артып отыр. Жыл басынан бері ауруханаға сегіз адам жүгінген, олардың үшеуі — бала.
Соңғы оқиға шілде айында тіркелді. Эмба қаласынан жүкті әйелді ауыр халде санавиациямен Ақтөбеге жеткізген.
— Өткен жылы бізде қарақұрт шаққан бірлі-жарым жағдайлар ғана болса, биыл бес оқиға тіркелді. Оның бірі — Мұғалжар аудандық ауруханасына түскен жүкті әйел. Қазір ол дертінен айығып, үйіне шығарылды. Қарақұрт шаққан науқастар әдетте қатты ауырып, бірден дәрігерге жүгінеді. Бүкіл денесі сырқырап, жүрегі айнып, басы айналады, тіпті құрысуы мүмкін. Өкінішке қарай, мұндай шағулар өліммен аяқталуы ықтимал, — дейді терапевт Гүлжанат Бисенова.
Қарақұрт шаққан адамдарды міндетті түрде ауруханаға жатқызып, уға қарсы сарысу егеді.
Осындай жағдай Ақтөбе қаласында да байқалған. Қаланың бір саябағындағы ескі ағаштың қуысынан өрмекшінің ұялары табылған.
Билік тұрғындарға өрмекші көзге түскен жағдайда бірден әкімдікке хабар беруге кеңес береді. Бірақ олардың бәрінде онымен күресуге қаржы қарастырылмаған. Мәселен, Ақтөбеде қоғамдық орындарды маса, шіркей, зиянкестер мен өрмекшілерден тазарту үшін 27 миллион теңге бөлінген. Ал Мугалжар ауданында халықтың дезинфекция жасауды сұраған өтініштері жауапсыз қалған. Әкімдік тек сақ болуға, шағылған жағдайда дереу дәрігерге жүгінуге кеңес берумен шектелген.