20 елді мекеннің тұрғындарын шұғыл көшіруге тура келді. Адамдарды автобустармен, жеңіл көліктермен, тіпті балықшылардың қайықтарымен қауіпсіз аймақтарға жеткізді. Ең күрделі жағдай Ахея мен Превезада, Ион аралдарында және Хиос аралында сақталып тұр.
Euronews дерегінше, өрт сөндіруге бес мыңға жуық өрт сөндіруші тартылған, 33 әуе кемесі жұмылдырылған. Құтқару қызметінің бірнеше қызметкері күйік пен жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
«Бұл күндер соңғы жылдардағы өрт сөндіру қызметінің ең ауыр сынағы болды», — деді Грекия өрт сөндірушілер одағының төрағасы.
Жалпақ жұртты әбігерге салған алапат тек Грекияда ғана емес. Шілде айының соңында Түркия мен Кипрде де орман өрті тұтанып, туристік өңірлерге қауіп төндірген еді.