Суреттерден 28 жастағы әйелдің бет терісін терең әжімдер, қабыну және іріңді безеулер басып кеткені көрінеді. Бұл оны өз жасынан бірнеше ондаған жылға үлкен адамға ұқсатып жіберген.
Маркетинг менеджері болып жұмыс істейтін Фарах Файзал TikTok желісіне өзінің осы тәжірибесі туралы бейнежазба жариялаған. Ол видео бірнеше күн ішінде 100 миллионнан астам қаралым жинап, ғаламторда үлкен резонанс тудырды. Бұл оқиға медициналық сарапшылардың да назарын аудартты.
«Күн сайын таңертең ояна салысымен жаңа безеулер пайда болатын. Тері қышып, жанып, қабынып тұратын. Айнадағы өзімді танымайтынмын», – деді Фарах өз әңгімесінде.
Мәселе кенеттен басталған – оған дейін қолданып жүрген тері күтімі құралдары еш әсер етпей қалған. Жағдай күннен-күнге нашарлап, терісі қатайып, мұрны мен құлағы үлкейіп кеткен. Бетінде іріңді безеулер мен терең әжімдер пайда болып, бұл оның жасына мүлде сай келмеген.
Бұл физикалық өзгерістермен қатар, эмоционалдық ауыртпалық та артқан. Фарах суретке түсуден бас тартып, көшеге тек бетпердемен шығатын болған. Өзін-өзі бағалауы күрт төмендеп, психологиялық жағдайы нашарлаған.
«Бұл – менің өмірімдегі ең ауыр және жан жарақатты кезең болды. Денемде не болып жатқанын түсіне алмадым, бұл мені қатты қорқытты», – дейді жас ана.
Оның айтуынша, бұл қиын кезеңде жолдасының қолдауы өте маңызды рөл атқарған. Жолдасы оның жан тыныштығын сақтауға көмектесіп, өзіне деген сенімді жоғалтпауға демеу болған.
«Күйеуім – менің қамалым. Ол менің қорқыныштарымды басып, әрдайым менің әдемі, мықты және махаббатқа лайық екенімді еске салып отырды», – дейді малайзиялық әйел ризашылықпен.
Бақытына орай, баласы дүниеге келген соң, Фарахтың жағдайы біршама жақсарған. Қабыну процестері дерлік жойылып, бет терісі біртіндеп бұрынғы қалпына келе бастаған. Алайда қалпына келу процесі әлі де жалғасуда.
Фарахтың жағдайына пікір білдірген дерматолог доктор Закари Рубин мұндай тері өзгерістері жүктілік кезінде пайда болатын rosacea fulminans немесе pyoderma faciale деп аталатын сирек кездесетін күймен байланысты болуы мүмкін екенін айтты. Бұл – бет терісінде қызыл түйіндердің пайда болуымен сипатталатын розацеяның агрессивті түрі. Ауру кенеттен басталып, бір жылға дейін созылуы мүмкін, емдеу үшін антибиотиктер немесе стероидтар қажет.
Малайзиялық Sinar Daily басылымының мәліметінше, жүктілік кезінде эстроген мен прогестерон секілді гормондар теріде түрлі өзгерістер туындатуы мүмкін: бөртпелерден бастап, пигментация мен терінің аса сезімтал болуына дейін.