«Сотта айыпталушы Жиенбай тарапынан айтылып жатқан мәлімдемелерге үнсіз қалу мүмкін емес. Бұл – тек қысым мен шантаж әрекеті», – деп жазды Берденов.
Ол шабуыл жасаған адаммен соңғы рет сол оқиға болған кеште, аңшы мылтығынан оқ атылған сәтте жүздескенін, содан бері байланыс болмағанын мәлімдеді. Кейін Жиенбайдың өкілдері оның қорғаушыларымен хабарласып, «достасуды» ұсынған. Берденов бұл әрекеттерді тікелей қысым деп бағалап отыр.
«Кешірім берілсе, мәселені ушықтырмаймыз деді. Келіспеген жағдайда “ақпараттық жарылыс” жасаймыз деп сес көрсетті. Тіпті, айыпталушының әкесі өзін өртейді деген мәлімдеме болатынын айтты», – дейді ол.
Руслан Берденов өз ұстанымының өзгермегенін, жанжалдың себебі кәсіби сипатта болғанын айтады. Айыпталушы келісім аясындағы жұмыстарды адал орындамағандықтан, есеп беруді талап еткенін жеткізді.
Ол қоғамдық назарды «қызғаныш», «жеке қатынас» немесе «жұбайы» секілді жеке тақырыптарға бұруды саналы түрде жасалған манипуляция деп атады.
«Мен оның отбасын да, жұбайын да танымаймын. Ол мен үшін тек мердігер болатын. Ал қала әкіміне қатысты тараған алып-қашпа сөздер – істі саясиландырып, беделге нұқсан келтіруге бағытталған әрекет», – деді әкім орынбасары.
Берденов өзінің мемлекеттік қызмет жолынан айнымайтынын, халыққа адал қызмет ету жолын жалғастырып жатқанын баса айтты.
«Денемде аңшы мылтығынан атылған 60-тан астам оқ әлі бар. Бұл – құжатпен дәлелденген дерек. Сотқа қатыспағанымды, үнсіздігімді өздеріне тиімді етіп пайдаланғысы келетіндер бар. Бірақ үнсіздік – келісім емес. Мен әділетті сотты күтіп отырмын», – деп қорытындылады ол.