– Алғашқы оқ тура басыма бағытталды. Жылдам бұғып үлгердім. Кейін артымнан төрт рет оқ атылды. Жерге құладым. Ол болса қасыма келіп, мылтығын қайта оқтап жатты. Қансырап жаттым, бірақ орнымнан тұрмасам, өлетінімді сездім. Бір қолым жансызданып қалды. Содан орнымнан атып тұрып, Жиембайға қарай ұмтылдым. Сол кезде қаруы жерге түскенін естідім. Жиембай қашпақ болғанда, жүргізушім Мейрамбек көлікпен тосқауыл жасап, жеңіл қағып жіберді. Ол сонда да қашып кетті. Кейін мен де құлап қалдым, – деді Берденов.
Оның айтуынша, дәл осы сәтте жанында болған екі қыз алғашқы медициналық көмек көрсеткен.
– Олардың біреуі медбике екен. «Ұйықтап кетпеңіз, көзіңізді жұмбаңыз» деп демеп отырды. Солардың көмегінің арқасында аман қалдым. Сол мезетте оң өкпем жұмыс істемей қалғанын сездім. Ауа жетпей, аузыма қанның дәмі келгенде өмірімнің соңғы сәті жетті деп ойладым. Ота кезінде өкпемнің 20 пайызы алынып тасталды. Бауырым да зақымданып, қайта тігіліп шықты, – деді ол.
Берденов қастандық жасаған адамның Ернар Жиембай екенін кейін ғана танығанын айтты.
– Алғашында кім екенін ажырата алмадым. Біреу жүгіріп келді де, қолындағы қарумен тура басыма атты. Бұғып үлгердім. Кейін артымнан төрт рет оқ атқан, – деді жәбірленуші.