«Menin_elim_dala» қоғамдық бірлестігінің мәліметінше, қала тұрғындары құрылыс алаңына КамАЗ көліктерінің кіріп, бетон қалдықтарын төгетінін, пайдаланылған асфальт пен басқа да құрылыс қоқыстарын көл жағасына тастайтынын айтады. Олардың сөзін растау үшін тұрғындар құрылыс алаңынан бейнежазбалар түсіріп жүр.
«Бұл – әкімшілік құқықбұзушылық. Міне, қараңыздар: қазір тиеп алады да, көлік 100 метр жүріп барып, топырақты көлдің жағасына төгеді. Бұлардың рұқсаты жоқ екені анық, бәрін өз бетінше, заңсыз жасап жатыр», – деді тұрғындардың бірі.
Тұрғындар қала билігінен араласуды, Кіші Талдыкөл экожүйесінің сақталуына қауіп төндіріп тұрған жағалау аймағының ластануын тоқтатуды сұрайды.
Экопаркке қатысты айтар болсақ, өткен жылдың тамыз айында Астана әкімдігінің бұл нысанға қатысты жұмыс жобасы болмағаны белгілі болған еді. Соған қарамастан, жеткізушілерге 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.
Билік өкілдері экопарк жобасын қаржыландырудың жоқтығына байланысты уақытша тоқтатқанын мәлімдеген. Кейінірек әкімдік жобаның қайтадан жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып жатқанын хабарлаған.