In business дерегінше, Джей Лоның бір жарым сағаттық концертіне 15 мыңнан астам көрермен жиналды. Олардың дені — шетелдік туристер. Вице-мэр Армен Памбукчянның сөзінше, әр турист орта есеппен 500 доллар жұмсап, елге кемі 7,5 миллион доллар табыс әкелген. Оның пайымдауынша, концерт бюджетке бөлінген қаржыны толық ақтаған.
Алайда Армения оппозициясы мен бірқатар қоғам белсенділері бұған қарсы пікірде. Бұрынғы премьер-министр Грант Багратян бұл шығынды Конституцияға қайшы деп бағалап, Бас прокуратура мен антикоррупциялық органды іске араласуға шақырды. Оның ойынша, үкімет коммерциялық концертке мемлекеттік қаржыны жұмсамауы керек, өйткені бұл коррупция тәуекелін арттырады.
«Мешкейлерге арналған мәзір ме?» – Қоғамдық реакция
Арменияның халық әртісі Анна Маилян концертке бөлінген 37 мың долларлық тамақтану шығынына ашулы. «Сонда оның труппасы кімдерден құралған? Осынша қаржыға не берілген?» деп сұрақ тастады ол.
Желі қолданушылары да Лопестің табынушысы болмағандар немесе билетке қол жеткізе алмағандар арасында ұйымдастырушыларды қатты сынға алды. «Бүкіл халықтың ақшасына шектеулі топ қана шоу тамашалады» деген уәждер жиі айтылды.
Лопес өз турнесін Ереваннан бастауы – елдің халықаралық беделіне оң ықпал етеді, дейді жергілікті билік. Әнші концерт барысында армян халқына деген ыстық ықыласын бірнеше мәрте білдіріп, көрермендермен бірге ескі де, жаңа хиттерін орындады. Арнайы туған күніне орай Birthday әнін де шырқап берді.
Кеш соңында Джей Ло гүл шоқтарын қабылдап, жанкүйерлермен суретке түсіп, сахнадан күлімдеп кетті. Артынша ұйымдастырушылар шетелдік қонақтардың көптігінен қонақүйлерде орын жетіспей, көрші қалалардан жатын орын іздеуге тура келгенін хабарлады.