The Telegraph басылымының жазуынша, жаттығу бұрыннан жоспарланғанымен, оған деген назар Трамп пен Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев арасындағы сырттай қайшылықтардан кейін арта түсті.
Жаттығу Владивосток маңында өтуде. Қытайдың төрт әскери кемесі, оның ішінде басқарылатын зымырандары бар екі эсминец тартылған. Сценарий бойынша, шартты қарсыластың сүңгуір қайығын анықтап, залалсыздандыру тәсілдері пысықталады.
Ресми мәлімдемелерде Ресей мен Қытай бұл жаттығулардың үшінші бір елге бағытталмағанын айтқанымен
, Жапония оған қарсылық білдіріп отыр. Ел билігі Бейжің мен Мәскеудің стратегиялық ынтымақтастығын ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін фактор ретінде бағалайды.
Бұған дейін Дмитрий Медведев АҚШ-қа санкцияны күшейтсе, соғысқа апаруы мүмкін деп қоқан-лоқы жасаған болатын. Бұған жауап ретінде Дональд Трамп бұл мәлімдемені "арандатушы" деп бағалап, екі атомдық сүңгуір қайықты қажетті аймақтарға орналастыруға бұйрық бергенін мәлімдеді. Мұндай ақпарат әдетте құпия сақталатынын баса айтқан The Telegraph, бұл жолғы ашықтық ерекше екенін атап өтті.
Айта кетейік, Трамп Мәскеу мен Киевті 8 тамызға дейін бейбіт келісімге келуге шақырып отыр. Ол бұған дейін Путинге берілетін уақытты да қайта қарастырған еді.