Министрдің айтуынша, Үкімет тапсырмасына сәйкес, дайындық деңгейі кабинеттегі есеппен емес, әр нысанға барып, нақты жағдайды көзбен көру арқылы бағаланып отыр.
Атап айтқанда, Топар ГРЭС-інде министр жаңа турбоагрегатты орнату жұмыстарының соңғы кезеңін қарап шықты. Бұл құрылғы тамыз айында іске қосылады деп жоспарланған. Жаңа турбина өңірдің жылумен қамту сенімділігін арттыруға тиіс. Сонымен қатар, станция аумағында күл-қоқыс алаңы мен қызметкерлерге арналған тұрғын үй салынуда.
– Қазірдің өзінде нақты нәтижелерді көріп отырмыз: Топардағы жаңа турбина, «Кармет» ТЭЦ-2-дегі жетінші қазандықты іске қосу аяқталуға жақын, Шахтинск ЖЭО қалыпты жұмыс істеп тұр. Бұл – Үкімет тапсырмасының нақты орындалуы, – деді Ерлан Ақкенженов.
Топар станциясындағы жөндеу және жаңғырту жұмыстарына жалпы 34,6 млрд теңге бөлінген. Бұған қоса, биыл өңірдің жылу желілерін жаңартуға 10 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған.
Аймақта қолға алынған басқа да жобалардың қатарында Жезқазғанда қуаты 75 МВт болатын бу-газ қондырғысының құрылысы бар. Бұл құрылғы электр тапшылығын жабуға көмектеседі деп күтілуде.
Энергетика министрлігі еліміздің басқа өңірлерінде де нысандарды аралап, дайындық деңгейін бақылап жүр. Ведомствоның мәліметінше, негізгі жөндеу жұмыстары белгіленген кесте бойынша жүргізілуде және Үкіметтің тікелей бақылауында.
Айта кетейік, бұған дейін 1 тамыздан бастап электр станциялары үшін тарифтер орта есеппен 1,3 теңгеге көтерілетіні хабарланған еді. Тиісті бұйрық күшіне енді.