Отандық медицинаны дамыту барысы қалай жүріп жатыр? Кедергілер мен кемшіліктерді жою үшін қандай жұмыстар жасалуда? Біз бұл сұрақтардың жауабын жас дәрігер Әлішер Талғатұлынан білген едік.
– Әлішер мырза, алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз.
– Рахмет. Мен – Әлішер Талғатұлы, Атырау облысында дүниеге келдім. Нұр-Сұлтан қаласындағы медициналық университетті жалпы практика дәрігері мамандығы бойынша тәмамдадым. Қазір Атырау қаласындағы емханада қызмет етіп жүрмін. Мамандығымды үлкен жауапкершілікпен таңдадым, себебі адамдарға көмектесу – менің өмірлік ұстанымым.
– Қазіргі таңда еліміздің денсаулық сақтау саласында қандай оң өзгерістерді байқайсыз?
– Соңғы жылдары медицина саласында айтарлықтай жаңғырулар болып жатыр. Цифрландыру жүйесі енгізілуде, телемедицина, онлайн-консультациялар, емханалардағы кезек жүйесінің жеңілдеуі – бәрі халықтың қолайлы ем алуына мүмкіндік беруде. Жаңа жабдықтар мен аппараттар орнатылып жатыр. Әрине, бұл — ел үкіметінің, Денсаулық сақтау министрлігінің дұрыс бағыттағы жұмысы деп ойлаймын.
– Сіздің ойыңызша, жас дәрігерлерге не жетіспейді? Қандай қолдаулар қажет?
– Ең алдымен, тәжірибе мен сенім жетіспейді. Жас мамандар кейде білімді болса да, шешім қабылдауда сенімсіздік танытады. Бұл – уақыт өте келе қалыптасатын нәрсе. Ал қолдау жағынан, ауыл-аймақтарға барған дәрігерлерге арналған әлеуметтік пакет – баспана, жалақы, кәсіби даму мүмкіндіктері – әлі де күшейтілуі керек. Қазірдің өзінде "Дипломмен ауылға" сынды бағдарламалар бар, бірақ олардың аясын кеңейту қажет.
– Сіз жастармен жиі араласасыз ба? Өз қатарластарыңыздың денсаулыққа көзқарасы туралы не айтасыз?
– Иә, замандастарымның арасында медицинаға деген қызығушылық артып келеді. Бірақ, өкінішке қарай, денсаулыққа жауапкершілікпен қарау мәдениеті әлі де төмен. Тексерілмей жүре беру, дәрігерге кеш келу, өзін-өзі емдеу сынды әрекеттер жиі кездеседі. Бұл – тек жастардың ғана емес, жалпы қоғамның мәселесі. Сондықтан денсаулық сақтау саласында профилактикалық жұмыстарды күшейтуіміз қажет.
– Дәрігер болу – тек мамандық қана емес, миссия десек болады. Осы жолдағы ең үлкен мотивацияңыз қандай?
– Ең үлкен мотивациям – адамның шын көңілден «Алла разы болсын!» деген алғысы. Бір науқастың жағдайы жақсарса, сол күні маған да ерекше қуаныш сыйлайды. Бұл мамандық – ауыр, бірақ адамдық тұрғыда өте бағалы жол. Әрбір науқастың өмірі үшін күресу – дәрігердің күнделікті миссиясы.
– Болашаққа қандай үмітпен қарайсыз? Қазақстан медицинасында не өзгерсе дейсіз?
– Болашақтан үлкен үміт күтемін. Елімізде жоғары деңгейлі медицина орталықтары көбейіп, өз мамандарымыз шетелге шықпай-ақ күрделі оталар жасай алатын деңгейге жетсе деймін. Әрі қарай шеттен келген емес, өзіміздің дәрігерлерге сенім артатын қоғам қалыптасса екен. Ал бұл үшін біз, жас мамандар, әрдайым оқып, жетіліп отыруымыз керек.
– Әңгімеңізге көп рақмет. Ісіңізге сәттілік тілейміз!
– Сіздерге де алғыс білдіремін. Халық денсаулығы – ұлт болашағы. Барша әріптестеріме табыс тілеймін!