Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

1 тамыздан бастап Қазақстанда не өзгереді?

Тамыз айы Қазақстанда бірқатар маңызды жаңалықтармен басталмақ. Бұл айда тарифтер өсіп, заңнамадағы жаңа талаптар күшіне енеді. Сонымен қатар, мәдени іс-шаралар мен әлеуметтік бастамалар қолға алынады.

1 тамыздан бастап Қазақстанда не өзгереді?
Фото: iStock

Сұйытылған газ қымбаттайды

1 тамыздан бастап сұйытылған мұнай газының көтерме бағасы 51 932 теңгеден 59 722 теңгеге дейін өседі. Сондай-ақ бөлшек баға 7–10 теңгеге жоғарылайды. Бұл өзгеріс зауыттардың газды шығынға шығарып отырғанымен байланысты. Бағаның көтерілуі өндірісті ұстап тұру мен жөндеу жұмыстарына қаржы тапшылығының алдын алуға бағытталған.

Электр энергиясы тарифтері өзгереді

Шымкент пен Түркістан облысында электр қуаты үшін жаңа тарифтер бекітіледі. Жүйенің тозуына байланысты бұл өңірлерде апаттық жағдайлардың алдын алу мақсатында инвестициялық бағдарлама жүзеге асып жатыр.

1 тамыздан бастап тарифтер келесідей болады:

Халық үшін – 26,64 теңге/кВт·сағ (ҚҚС-пен)

Коммерциялық тұтынушылар – 44,75 теңге

Бюджеттік ұйымдар – 74,08 теңге

Арнайы экономикалық аймақтар – 38,42 теңге

Қолма-қол есеп айырысуға тыйым

1 тамыздан бастап жаңа салынған тұрғын үйдегі пәтерлерді сатып алуға қатысты барлық мәміле тек қолма-қол ақшасыз жүзеге асады. Бұл талап үлескерлердің құқығын қорғау және алаяқтықтың алдын алу үшін енгізілді.

Beeline арқылы ақша аударуға комиссия қосылады

Beeline абоненттері басқа операторлар нөміріне (Kcell, Tele2 және т.б.) ақша аударғанда 0,5% комиссия төлейді. Мысалы, 1 000 теңге аударсаңыз, 5 теңге ұсталады.

Балалар спортындағы жас шектеуі енгізіледі

Министрдің жаңа бұйрығына сәйкес, 1 тамыздан бастап балалардың спорт түрлеріне қатысуы белгілі бір жасқа байланысты болады. Мысалы:

  • Спорттық гимнастика – 5 жастан
  • Бадминтон – 6 жастан
  • Бокс, велоспорт – 13 жастан
  • Абайдың 180 жылдығы кең көлемде атап өтіледі

1–10 тамыз аралығында Семей мен Абай облысында 100-ден астам мәдени іс-шара өтеді: концерттер, айтыс, көрмелер, марафондар және т.б. Жеңімпаздарға 9 көлік пен 90 жылқы беріледі.

1 тамызда Abay Academiyasy ұлттық онлайн платформасы іске қосылады. Ал кешке Семейдегі орталық алаңда Роза Рымбаева бастаған әншілердің қатысуымен мерекелік концерт өтеді.

Астанада да поэзиялық кештер, домбыра-party, флешмобтар мен челлендждер жоспарланған.

Ауыл шаруашылығы санағы басталады

1–31 тамыз аралығында Sanaq.qov.kz платформасында ауыл шаруашылығына қатысты ұлттық санақ өтеді. Фермерлер, жеке кәсіпкерлер және заңды тұлғалар қатысады. Жауап беру үшін электрондық цифрлық қолтаңба немесе SMS-қолтаңба қажет.

Қайтадан ҰБТ тапсыру

10–20 тамыз аралығында талапкерлерге қайта ҰБТ тапсыруға мүмкіндік беріледі. Электронды формат – 10–20 тамыз, қағаз нұсқа – 17–20 тамыз аралығы.

Дженнифер Лопес Қазақстанда өнер көрсетеді

Танымал әнші Дженнифер Лопес әлемдік турнесінің аясында Астана мен Алматыда концерт береді:

1 тамыз – Астана (Астана Арена)

10 тамыз – Алматы (Орталық стадион)

Билет бағасы 40–180 мың теңге аралығында.

Конституция күні мен демалыс

30 тамыз – Конституция күні сенбіге түскендіктен, демалыс күні 1 қыркүйекке ауыстырылады. Осылайша:

5 күндік жұмыс аптасында: 30, 31 тамыз және 1 қыркүйек демалыс

6 күндік жұмыс аптасында: 30 және 31 тамыз демалыс

Ауа райы қандай болады?

Тамыздың басында еліміздің көп өңірінде жаңбыр мен найзағай күтіледі. Кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін. 2 тамыздан бастап антициклон әсерінен солтүстік өңірлерде ауа температурасы 15–20 градусқа дейін төмендейді. Ал Жамбыл, Түркістан, Алматы, Абай, Қарағанды және Қызылорда облыстарының кейбір бөліктерінде құрғақшылық қаупі сақталады.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату