Марапатты салтанатты түрде қабылдаған Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға және барша түрік халқына алғысын білдіріп, бұл орденді алу — өзі үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті.
«Мен бұған дейін шетелдік те, отандық та ордендер мен марапаттарды қабылдаудан бас тартып келдім. Алайда бүгінгі шешім — ерекше. Бұл оқиға қазақ-түрік ынтымақтастығының шежіресінде маңызды орын алатыны сөзсіз. Сіз ата-бабаларымыздың аманатына адалдық танытып, халқымыздың бауырластығы мен достығын тағы бір мәрте айғақтадыңыз. Бұл марапатты мен барша Қазақстан халқына көрсетілген терең құрметтің белгісі ретінде қабылдаймын. Бауырлас екі елдің арасындағы мызғымас достықты білдіретін бұл ізгі қадам — ортақ тамырымызға, дінімізге және дүниетанымымызға негізделген рухани сабақтастықтың жарқын көрінісі», – деді Мемлекет басшысы.