Бұл өзгерістер «Автомобиль көлігімен жолаушылар тасымалдау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында көзделген. Көлік министрлігі мұндай көліктердің қозғалысына тыйым салу бұрыннан барын, ал енді оны орындамағандарға нақты жаза қолданылатынын еске салды.
Жаңа заңға сәйкес, 2026 жылдан бастап салмағы шектен асатын самосвалдардың елді мекендер мен жалпы қолданыстағы автомобиль жолдарымен жүруіне тыйым салынады. Самосвал – жүк түсіруге арналған көтергіш кузовы бар арнайы көлік. Мұндай техникаға тыйым салу 2023 жылы енгізілгенімен, бизнестің бейімделуі үшін үш жылдық өтпелі кезең берілген болатын.
Жаңартылған заңға сай, 38-2-бапта самосвалмен шектен тыс жүк тасымалдауға тыйым салынған. Сонымен қатар жүк жөнелтуші тарап мұндай көліктерге жүк тиеуге құқылы емес. Бұл талапты бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік пен айыппұл қарастырылған.
Сондай-ақ өзгерістер "Жерасты байлықтары және жер қойнауын пайдалану туралы" заңға да енгізіледі. Егер жер қойнауын пайдаланушы жыл ішінде екі рет ауыр самосвал арқылы жүк тасымалдау ережесін бұзса, оның келісімшарты бұзылып, лицензиясы кері қайтарылады. Енді компаниялар жаңа талаптардың орындалуы туралы тұрақты есеп беруге міндеттеледі.
Көлік министрлігінің дерегінше, ел жолдарымен жүретін жүк көліктерінің 35 пайызы – самосвалдар. Олар жүксіз жүрген күннің өзінде 12 тоннадан асады, бұл жолдың тез тозуына себеп болады. Жыл сайын шамамен 25 мың жол бүліну дерегі тіркелсе, оның 60 пайызына жуық жағдайы самосвалдармен байланысты.
Билік өкілдері бұл шектеу жол инфрақұрылымын сақтап қалуға және жөндеу шығынын азайтуға көмектеседі дейді.
Министрлік жаңа бақылау жүйесі ауыр техникадан келетін зиянды азайтып, жолдарды қорғауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Енді тек тасымалдаушылар ғана емес, жүк жөнелтуші мен қабылдаушы да жауапты болады.
Сонымен қатар заңға сәйкес, жүк жөнелтушілер енді әр жүктің салмағын алдын ала өлшеп, көлікті пломбадап, жүргізушіге салмақ туралы арнайы құжат беруі тиіс. Тіпті самосвал жүксіз болса да, егер оның өз салмағы 12 тоннадан асып кетсе, жолға шығуға болмайды.
Осылайша, 2026 жылдан бастап елімізде жүк тасымалдау ережелеріне елеулі өзгерістер енгізіліп, жол сапасын жақсартуға және логистика саласындағы жауапкершілікті күшейтуге бағытталған жаңа кезең басталады.