Не болды?
Әлеуметтік желіде жарияланған жазбада әйелдің іштің төменгі бөлігіндегі ауырсыну мен қан кету шағымымен ауруханаға түскені айтылады. Автордың жазуынша, оған дер кезінде көмек көрсетілмеген.
"Қыз кеше ауруханаға жүктіліктің үзілу қаупімен түсті. Бүгін жағдайы күрт нашарлады, қатты қан кетті. Дәрігерлерді шақырып, көмектесуін өтіндім. Бірақ мейірбике ‘дәрігер рұқсат етпей ештеңе істей алмаймын’ деді. Бәрі қолын жайып қарап тұр. Қанша жерге қоңырау шалдым, еш нәтиже болмады. Соңы — түсік," – делінген жазбада.
Автордың айтуынша, дәрігерлер жексенбі күні ешкім жұмыс істемейтінін, ал УДЗ аппаратының істемей тұрғанын алға тартып, әрекет етпеген. Әйел Денсаулық сақтау министрлігінің жедел желісіне, жедел жәрдем мен аурухана директорына да хабарласқан. Алайда тек министрлік пен жедел жәрдемге ғана қосыла алған. Ол жақтағылар бөлім меңгерушісіне баруға кеңес берген.
Министрлік не дейді?
Министрлік өкілдері қыздың №2 көпбейінді облыстық ауруханаға "жүктілік – 7 апта 5 күн. Жүктіліктің үзілу қаупі" диагнозымен жеткізілгенін хабарлады. Ол гинекология бөліміне жатқызылған.
"Оған бірден сақтап қалуға бағытталған ем басталды: күніне үш рет қынап ішіне 200 миллиграмнан ‘Гинопрогест’ капсуласы, күніне бір рет бұлшықетке 2 мл ‘Этамзилат’ ерітіндісі егілді. 26 шілдеде акушерлік УДЗ жасалды. Қорытынды: жатыр ішіндегі жүктілік — 6 апта 5 күн", — делінген ресми мәліметте.
Министрлік мәліметіне сүйенсек, 27 шілде күні сағат 20:15-те ем жүргізіліп жатқанда өздігінен түсік болған. Әйелге наркозбен жатыр қуысын тазалау процедурасы жасалған.
28 шілдеде пациенттермен жұмыс және ішкі аудит қызметі қызметтік тергеуді бастаған. Министрлік бұл жағдайға байланысты тиісті шаралар қолданылатынын және науқаспен түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін айтты.