Ата-анаға қандай жаза қарастырылған?
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабына сәйкес, баланы дұрыс тәрбиелемегені, білім бермегені, немесе қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін ата-анаға айыппұл салынады.
10 АЕК (2025 ж. – 39 320 тг) көлеміндегі айыппұл мына жағдайларда қолданылады:
- баланың мектепке себепсіз бармауы;
- тентек, бақылаусыз жүрісі;
- қоғамдық орындарда балағат сөз айту;
- құқық бұзуға қатысу.
Қайталанған жағдайда айыппұл 15 АЕК-ке (58 980 тг) дейін өседі. Тіпті 5 тәулікке қамаққа алу жазасы қарастырылған.
Бала бейәдеп сөйлесе де – жаза бар
Жаңа заңнама бойынша, кәмелетке толмағандардың балағат сөз айтқаны үшін де жауапкершілік қарастырылған. Қоғамдық орында немесе әлеуметтік желіде тіл тигізсе, ата-анасына айыппұл салынады.
12 жасқа дейін – толық жауапкершілік ата-анасында: 10–15 АЕК
14–16 жас – айыппұл: 7 АЕК (ата-анасы төлейді)
16 жастан бастап – жауапкершілік баланың өзінде, бірақ жұмыс істемесе, айыппұлды ата-анасы төлейді: 10 АЕК
Ал әлеуметтік желідегі балағат сөз, қорлау, кибербуллинг үшін айыппұл 200 АЕК-ке дейін (786 400 тг) жетуі мүмкін.
Бала есірткімен не ішімдікпен ұсталса...
Жасөспірімнің есірткі, ішімдік тұтынуы немесе қайыршылыққа салынуы үшін ата-анасына 20 АЕК (78 640 тг)көлемінде айыппұл салынады. Қажет жағдайда 10 тәулікке дейін қамаққа алу қарастырылған.
Жалған жарылыс туралы хабарлама үшін жауапкершілік ауыр
Мектепке, ойын-сауық орталығына немесе басқа мекемеге жарылғыш зат қойылды деп жалған хабар берген бала 14 жастан бастап қылмыстық жауапқа тартылады. Егер жасы жетпесе, ата-анасы жауап береді.
Мүмкін болатын жаза:
- 14,5 млн теңгеге дейін айыппұл немесе
- 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Қорытынды: Бала тәрбиесі тек отбасы мәселесі емес – бұл заң алдындағы міндет. Сондықтан баланың сөзі мен әрекетін қадағалап, қажет болса, маманнан көмек сұрау – ата-ананың жауапты қадамы болмақ.