Бағдарлама шеңберінде бюджет қаржысы мен демеушілердің қолдауымен саябақтар, орталық алаңдар, ойын және спорт алаңдары, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар жаңартылып, жаңаша келбетке ие болуда.
Жаңартылған саябақтар мен демалыс аймақтары
Қаладағы Президент және Денсаулық саябақтары біртұтас кешен ретінде қайта жаңғыртылып жатыр. Аумағы 64,5 гектарды құрайтын кешенде автотұрақ, гүлзарлар, жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдары, ашық сахна, спорт және ойын алаңдары, көлеңкелі павильондар бой көтеруде.
Қалалық мәдениет және демалыс паркі де жаңарып, заманауи кейіпке енді. Жаңа арка орнатылып, “Сыр батырлары” ескерткіші Тағзым алаңына ауыстырылды. 544 түп ағаш пен қылқан жапырақты көшет отырғызылып, воркаут, скейтпарк, балалар алаңдары мен фуд-корттар пайдалануға берілді.
Қорқыт ата мемориалды аллеясы да жаңғыртылуда. 38 мың шаршы метрден асатын аумақта заманауи ойын және спорт жабдықтары орнатылып, жасыл желек алаңы кеңейтіледі. Қазір абаттандыру жұмыстарының 65 пайызы аяқталған.
Сырдария жағалауы мен жаңа жолдар
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылы бойындағы Сырдария жағалауы да жаңартылып жатыр. 6,7 шақырым жағалауда тіреу қабырғалары күшейтіліп, жол төрт жолақты болып кеңейтілді. Қорғаныс бөгеті салынды, 1,4 шақырым жағалау инфрақұрылымымен бірге толық абаттандырылды. Жол жиегі көркем суреттермен безендірілді.
Бұл жобаның жалғасы ретінде Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейін 2,9 шақырым жаңа жол салынып жатыр. Жаңа жолмен қатар жаяу жүргіншілерге арналған 3 метрлік жол да қарастырылған.
Сенат депутаттары нысандарды аралады
Атқарылып жатқан жұмыстармен ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Руслан Рүстемов пен Наурызбай Байқадамов арнайы барып танысты.
Ақпарат Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды.